СҚО-да 30-дан астам адам қар кептелісінен шығарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен аптада 7 қар кептелісі оқиғасы болған. Бұл туралы брифингте төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің кризистік жағдайлар басқармасының басшысы Рүстем Жұмағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен аптада аймақтағы жағдай ауа райына байланысты күрделі болды. Бұрқасын салдарынан төрт рет жолдар жабылды. Сондай-ақ өңірдің кейбір тұрғындары құтқарушылардың ескертулеріне қарамастан, елді мекендерден тыс жерлерге шыққан. Соның салдарынан 37 адам, оның ішінде 6 бала қар құрсауына түсіп, құтқарылған.

Ғ.Мүсірепов атындағы, Есіл, Айыртау, М.Жұмабаев атындағы, Тимирязев аудандары қар құрсауында қалған.

«Жақында ғана Тимирязев ауданына «Нива-Бронто» маркалы автокөлігі тапсырылды. Аудан алыс, мұнда қар кептелісі жиі болады. Елді мекендер көлік құралдарынсыз қалады. Науқастарды жедел жеткізу немесе шұғыл жәрдем көрсету керек болған жағдайда осы автокөлік қатынайтын болады. Жыл басынан бері жеті рет ауданға барып келген», - деді Р.Жұмағалиев.

Алдағы аптада синоптиктердің болжауынша, аймақ тұрғындарына ауа райының жақсаруына үміт артудың қажеті жоқ. Жауын-шашын, боран, жел күшеюі мүмкін. Құтқарушыларға ауа райына байланысты ескертулерге назар аударуға және алыс сапарларды жоспарламауға кеңес береді.



Соңғы жаңалықтар