СҚО-да 3 су қоймасында оттегі жетпегеннен балық қырылған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы үш су қоймасына қатысты сараптама нәтижесі келді. Мөңке балығы оттегі жетпей қырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің жетекшісі Ильдар Кәкімовтың айтуынша, жұмыс тобының отырысында Бугровое, Пруд көлдерінде және Чаглинка өзенінде балық қырылу жағдайлары қаралды.

Мамандардың болжамы расталды. Бір апта бұрын алынған сараптама су жәндіктерінің таяз көлдердің түбіне дейін қатуынан ауа жетпей өлгенін көрсетті.

Тек Бугровое көлінде 300 кг мөңке балығы қырылды.

«СҚО-да осы күнге дейін 7 көлде балық қырылғанын анықтадық. Барлық жағдайда да оқиға орнына бардық, тексердік. Соңғы рет кешегі күні Айыртау ауданы Құспек көлінде 1 ц балық қырылды. 2021 жылы көлді қолданушы оған сиг балығының дернәсілін жіберді. Осылайша балықты көбейтпек болды, қыста мелиоративті жұмыстар жүргізіп, оттегімен байытты. Бірақ аэрация көмектеспеді, балық қырылып қалды. Яғни алдын ала болжам бойынша, су жәндіктеріне ауа жетпеген. Тиісті сараптамалар алынды. Біз ол балықтар қысты күні өліп, су бетіне енді шығып жатыр деген пікірдеміз», - дейді Ильдар Кәкімов.

Былтыр өңірде қуаңшылық болды. Маманның пікірінше, бұл шағын көлдер суының тартылуына әсер еткен. Салдарынан аэрация нәтиже бермеген.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Қызылжар ауданы Бугровое көлінде балық қырылып, мамандардың оқиға орнында жұмыс істеп жатқанын айтқан едік.

Бірер күннен кейін Айыртау, Қызылжар, Тайынша аудандарының шағын көлдерінен және Петропавл маңындағы Пестрое көлінен өлген мөңке балығы табылды.


Соңғы жаңалықтар