СҚО-да 26 мектеп оқушысы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да «Жас кәсіпкерлер клубына» қатысушы 26 жасөспірім кәсіпкерліктің негіздерімен танысып, сертификат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалында үшінші жыл қатарынан «Жас кәсіпкерлер клубы» жұмыс істеп келеді. Бизнес-жаттықтырушылар болашақта өз кәсібін ашамын дейтін мектеп оқушыларына осы салада бағыт-бағдар көрсетіп, ақыл-кеңес береді. Бизнес-жаттықтырушы Елена Коняхинаның айтуынша, оқыту бағдарламасы жасөспірімдердің жас ерекшелігіне сай жасалған. Ойын түрінде өтетін сабақтарда оқушылар түрлі тапсырмалар орындап, бизнес-жоспар құрып, оны қорғауға мүмкіндік алады. 3 жыл ішінде курстан 50-ге жақын жасөспірім өткен.

Балалар 4 тоқсан бойы ай сайын бизнес-жаттықтырушылармен кездесіп, шеберлік сағаттарына қатысты. Қажетті білім алған клуб мүшелері бүгін оны іс жүзінде қолданып көрмек. Яғни тапсырма бойынша екі бизнес-жоспар әзірлеулері керек.

Петропавлдағы 26-мектептің оқушысы Глеб Фомин болашақта өз кәсібін ашқысы келеді. Үлгі тұтар жан да бар. Былтыр осы мектептің түлегі Жанат Кәкімов кәсіпкерлік курстарынан өтті. Бүгінде жас кәсіпкер өз бизнес-идеясын жүзеге асырып жатыр.

«Бұл жерде бизнестің қалай жұмыс істейтінін түсінікті етіп айтады. Жоспар құруға, оны жүзеге асыруға көмектеседі. Қазір қандай мемлекеттік бағдарламалардың бар екенін, қайсысының көмегіне жүгінуге болатынын білдік. Бұл - жас кәсіпкерлерге өте үлкен көмек. Бізге енді тек нақты немен айналысатынымызды ғана анықтау қалды», - дейді Глеб Фомин.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-і және колледж студенттері де дәл осылайша кәсіпкерліктің негіздерімен танысады. Оқу орындарында жыл сайын 2,5 мыңнан астам жас курстан өтеді екен. Ал жаңа оқу жылынан бастап мектептерде жоғары сынып оқушыларына кәсіпкерлік негіздері факультативті пән ретінде енгізілмекші.

Соңғы жаңалықтар