СҚО-да 25 жел генераторы орнатылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жел генераторларының паркі ашылады. Ауқымды жобаның алғашқы кезеңі жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, әкімдікте инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы талқыланды. Өңірде тек өнеркәсіп саласында ғана жалпы құны 226 млрд теңгенің 34 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жергілікті және шетелдік қаржыға салынып жатқан нысандар іске қосылғанда 3 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны пайда болмақ.

Болашағы зор жобалардың бірі – «Тайынша май» зауыты негізінде салынып жатқан шрот шығаратын цехті айтуға болады. 2020-2021 жылы ламинатталған фанера шығаратын зауыт өз жұмысын бастайды. Бұдан басқа термовагондар зауыты, электротехникалық кәсіпорын және ағаш өңдеу зауыты іске қосылады. Ал, Айыртау ауданында өңірдегі алғашқы жер генераторларының паркі ашылмақ. Жоспар бойынша жалпы қуаты 50 мегаваттық 25 жел генераторы орнатылады. «Energo Trust» ЖШС бұл жобаны іске қосу үшін 30 млрд теңге жұмсамақшы. Бүгінде оның алғашқы кезеңі жүзеге асырылып, желдің жылдамдығын анытайтын қондырғы орнатылды.

Изотермиялық вагон-термос өндірісін жолға қою нәтижесінде облыста қосымша 200 жұмыс орны ашылады. «Alageum Electric» АҚ электротехникалық зауыт ашуды жоспарлаған. Осы мақсатқа 23 млн АҚШ доллары жұмсалады. Бұл инвестор облыста тағы бір ірі жобаны жүзеге асырмақ. Ағаш өңдеу зауытының құрылысы келер жылы басталады. Кәсіпорын жылына 500 мың метр өнім шығаратын болады.

«Бұл жобалар өңір экономикасына тың серпін береді. Біздің мақсат экономиканы аграрлы-индустриялы ету. Жаңа кәсіпорындар ашып, өндіріс көлемін ұлғайтуымыз керек. Өнеркәсіп дамыған жағдайда қала да дамиды», - деді Құмар Ақсақалов.

Соңғы жаңалықтар