СҚО-да 233 елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етілмеген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында елді мекендердегі таза ауыз су мәселесін шешуге биыл 11,4 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есе артық қаражат, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов облыстағы елді мекендерді сумен қамту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, 248,2 мың адам немесе ауыл халқының 82,9 %-ы, яғни 402 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Тағы 51,3 мың адамның немесе 233 елді мекенде таза су мәселесі шешілмеген. Жалпы облыс халқының 90,7 %-ына сапалы су жеткен.

«Биыл сумен жабдықтауға 11,4 млрд теңге бөлінбек, бұл өткен жылға қарағанда 1,8 есе жоғары. Жұмыстар 48 мың тұрғыны бар 49 елді мекенде жүргізіледі. Нәтижесінде 174 км сумен жабдықтау желілері қалпына келтіріледі, бұл шамамен 3 мың үйдің суға қосылуына мүмкіндік береді. «2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта құру бойынша 13 жобаны және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арқылы су бұру бойынша
2 жобаны іске асыруға 5,5 млрд теңге жұмсалмақ. Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы 46,2 км таратушы және 4,1 км су бұру желілерін ауыстыру жоспарланған», - дейді Бақыт Ілиясов.

Бұдан басқа «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы аясында 1,8 млрд теңгеге 4 жоба қолға алынған. Нәтижесіне 53,7 км сумен жабдықтау желілерін салу, сондай-ақ 30-ға жуық жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның 33,3 км салынды, уақытша 16 жұмыс орны құрылды.

«Ауыл-Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Бескөл ауылының оңтүстік-шығыс бөлігін үздіксіз сумен жабдықтау үшін резервуарлар мен сорғы станциясын іске қосу жоспарланған.

«Қазіргі уақытта халық үшін 1 текше метр ауыз су үшін төлем 2006 жылдан бері өзгеріссіз келеді, алайда, осы уақыт аралығында сумен жабдықтау қызметтеріне тарифтер кезең-кезеңімен жоғарылағанын атап өткен жөн. Бекітілген тариф пен көрсетілген сумен жабдықтау қызметтері үшін төлем арасындағы айырмашылық мемлекет есебінен өтеліп келеді. Халық 1 текше метр үшін 30-40 теңге шамасында төлейді. Жаңа төлемақы мөлшерін бекіту шамамен 225 мың тұрғыны бар облыстың 267 ауылдық елді мекенін қамтиды», - дейді басқарма басшысы.

Бұған дейін ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жаңа жылдан бастап судың бағасы екі есе қымбаттайтындығы туралы жазылып, ұсыныстар мен талқылаулар үшін орналастырылған еді.


Соңғы жаңалықтар