СҚО-да 23 мас жүргізуші ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 12-15 қараша аралығында «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп, нәтижесінде көлікті мас күйде жүргізген 23 жүргізуші анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы 4 күнге жоспарланды. Осы уақыт аралығында облыс жолдарында 23 мас жүргізуші ұсталды. Олардың барлығы әкімшілік қамауға алынып, басым бөлігі 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

«Daewoo Nexia» автокөлігінің жүргізушісі Петропавлдағы Ғ. Мүсірепов көшесі бойындағы үйлердің ауласында тоқтатылды. Ер адамнан ішімдікті иісі шығып тұрған. Медициналық куәландыру тәртіп сақшыларының күдігін растады. Жүргізушіні тексеру кезінде оның 2017 жылы мас күйде рөлге отырғаны үшін көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Ер адам тек 7 ай бұрын ғана автокөлікті жүргізу құқығына қайта ие болған екен. Жазаланғанына жыл толмауына байланысты енді ол алдағы 8 жылда көлігін тізгіндей алмайды.

«Сондай-ақ, 4 күн ішінде патрульдер бұрын басқару құқығынан айырыла тұра мас күйде қайта рөлге отырған үш жүргізушіні тоқтатты. Заң ондайларға 5 мың АЕК дейінгі айыппұл салу және өмір бойына басқару құқығынан айыру жазасын қарастырады. Қатаң шараларды қолданбасқа болмайды. СҚО-да 10 ай ішінде түрлі жол-көлік оқиғаларынан 30 адам қаза тапты, оның 5-і мас жүргізушілердің кесірінен мерт болды», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Аталмыш шара кезінде жол жүру қағидасын бұзған 1 763 дерек анықталды. 179 адам басқару құқығынсыз рөлге отырған, 119-ы жылдамдықты асырған, 30-ы бағдаршамның рұқсат етілмеген түсіне өтсе, 19-ы жаяу жүргінші жолағында адамдарды өткізбеген.


Соңғы жаңалықтар