СҚО-да 2100-ден астам тауардан сынама алынса, оның 17,5 пайызы талапқа сай емес

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өнім қауіпсіздігінің мониторингі аясында 174 сауда нысанынан 2119 тауар сынамасы алынып, зерттелді, оның 372-сі гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство өнім қауіпсіздігінің мониторингі аясында ай сайын азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың сапасын тексереді.

Алынған өнімдердің сынамасы «Ұлттық сараптама орталығының» аккредиттелген зертханаларында зерттеледі.

«8 айдың ішінде облыстың аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары 174 сауда нысанын тексерді. Олардын 2119 сынама алынды және зерттелді, нәтижесінде 372 үлгі - 17,56 %-ы гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеді. Оның ішінде 1321 сынама азық-түліктен алынды, 234-і - 17,71 %-ы сәйкес келмеді. Азық-түлік емес санаттағы 798 сынаманың 138-і - 17,29 %-ы талапқа сай болмай шықты», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің техникалық регламенттердің талаптарын бақылау бөлімінің басшысы Данияр Оспанов.

Азық-түлік ішінде талапқа сәйкес келмеген өнімдердің ең көп үлесі - балық және балық өнімдеріне тиесілі - 48,57 %. Құс еті, құс өнімдерінің 34,75 %-ы, ет және ет өнімдерінің 21,25 %-ы нормативке сай болмаған.

«Азық-түлік емес өнімдердің ішінде 50 % жеңіл өнеркәсіп өнімі, 37,5 % балалар ойыншықтары, 7,33 % парфюмерлік-косметикалық, ауыз қуысы гигиенасы құралдары сәйкес келмеген. Азық-түлікке қатысты өндірушілер негізінен таңбалау талаптарын бұзған, бұл - 75,5 %-ды алады. Физика-химиялық көрсеткіштер бойынша - 16,6 %, микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 3,2 %, таңбалауда мәлімделген өнімге сәйкессіздік, яғни тұтынушыны алдау немесе жаңылыстыру - 2,1%, қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша 1,3 %, өзге көрсеткіштер бойынша 1,3 %. Қолданыстағы заңнама бойынша, сауда орындарына анықталған талапқа сай келмейтін өнімдер бойынша нұсқама берілді», - дейді бөлім басшысы.

Сондай-ақ, департамент мамандары маусым-тамыз айлары аралығында зертханаға бақша дақылдарының 22 сынамасы жеткізген, олардың барлығы талапқа сай сапалы болып шықты.

«ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында https://reestr-np.kz/rus/ «Сәйкес келмейтін өнімдер тізілімі» орналастырылған, онда әрбір тұтынушы, өткізуші, өндіруші техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін тауарлардың атауларын, сондай-ақ оларды кім өндіргенін, олар қандай сауда нысандарында сатылғанын көре алады. Бұл тізім ай сайын өнім қауіпсіздігі мониторингінің қорытындысы бойынша толықтырылып отырады», - дейді Данияр Оспанов.


Соңғы жаңалықтар