СҚО-да 2020 жылғы құс тұмауынан кейін фабрикалар халыққа 960 млн теңге өтемақы төледі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 2020 жылғы құс тұмауынан кейін фабрикалар халыққа 960 млн теңге өтемақы төледі.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың сауалына жауап берген өңір басшысы Құмар Ақсақалов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Солтүстік Қазақстанда құс фабрикалары өткенде құс тұмауынан қатты зардап шекті. Осы жылы өндіріс көлемі қалпына келтірілді ме?», - деп сұраған еді Премьер-Министр өңір әкімінен.

Құмар Ақсақаловтың дерегінше, 2020 жылдың күзінде жоғары потагенді құс тұмауының өршуіне байланысты 3 құс фабрикасында құс басы толығымен жойылған.

«Құс фабрикалары халыққа 960 млн теңге өтемақы төледі. Қазір құс тұмауынан зардап шеккен 2 құс фабрикасы жағдайды толық қалпына келтіріп, штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. 4 айда былтырғы кезеңмен салыстырғанда 2,6 есе өсіммен 188 млн дана жұмыртқа өндірілді. 2022 жылдың қорытындысын 126 пайыз өсіммен аяқтаймыз деген жоспарымыз бар», - деді облыс басшысы.

2020 жылдың қазан айында Ресейдің елімізбен шекаралас өңірлерінде құс тұмауы шығып, ол Солтүстік Қазақстан облысына да тараған еді.

Өткен жылы да Тимирязев ауданының Дружба елді мекенінде, М.Жұмабаев аудынындағы Лебяжье елді мекенінде құс тұмауы тіркелген болатын.


Соңғы жаңалықтар