СҚО-да 20 күнде карантин талабын бұзуға қатысты 700-ден астам дерек тіркелді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мониторинг топтары жұмысын бастағалы карантин талабын бұзудың 757 дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 20 шілдеден бастап карантиндік шектеулердің сақталуын қадағалау мақсатында мониторинг топтары жұмыс істеп жатыр. Мақсаты – халықты қауіпті індеттен қорғау және карантин режимінің бұзылуына жол бермеу.

Осыған қарай адамдар жаппай жиналатын орындар тексерушілердің басты назарына алынды. Бірінші кезекте дүкендер тексерілді.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, кейбір сауда орындарының иелері мен қызметкерлері адамдармен үнемі тығыз қарым-қатынаста бола тұра, маска тақпайды, қолғап кимейді. 30 күннің ішінде облыста осындай 200-ден астам дерек анықталды. Ұқсас фактілер 24 дәмханада және 7 демалыс базасында тіркелді. Ең өрескелі – клиенттерінің әлеуметтік ара қашықтықты сақтамауы. Сондай-ақ демалыс күндері карантиндік шектеулердің күшейтілгеніне қарамастан екі демалыс орны демалушыларды қабылдаған.

«Облыстың бас санитария дәрігерінің қаулысымен қабылданған шектеулер індет жұқтыру қаупін төмендетуге бағытталған. Алайда тұрғындар арасында әлі күнге карантин талаптарын елемейтіндер бар. Адамдар маска тағуда салғырттық танытады. Кей кәсіпкерлер жауапкершіліктен пайданы жоғары қояды. Табыс табу үшін тыйымдарға көз жұмып, келушілердің өмірі мен денсаулығын қауіпке тігеді», - деді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Бұған дейін үй карантиніне алынғандардың мобильді қосымша арқылы қадағаланатынын айтқан едік. Үй карантиніне отырғызылған науқастар және олармен байланыста болғандар өз бетімен оқшаулану жайында қолхат бергенімен, 20 шілдеден бері бұл міндеттемені 21 адам бұзған.

Жалпы СҚО-да мониторингтік топтар жұмысын бастағалы карантин талабын бұзуға қатысты 757 дерек анықталды, оның 295 Петропавлда тіркелген.


Соңғы жаңалықтар