СҚО-да 19 мың гектарға жуық жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды
2022 жылғы 8 тамыз 15:27

СҚО-да 19 мың гектарға жуық жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында пайдаланылмай бос жатқан 18,9 мың га мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Шабындықтар мен жайылымдар ауыл тұрғындарының қолданысына беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, партия жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Жиында өңірде бос жатқан жерлерді қайтару бойынша атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

Атап айтқанда, СҚО Ақжар ауданында мемлекет меншігіне 11 мың га, Қызылжар ауданында 4,2 мың га, Жамбыл ауданында 2,5 мың га, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 800 га және Мамлют ауданында 400 га жер қайтарылды.

Бұған қоса, Айыртау, Тайынша, М.Жұмабаев аудандарында мал жаю үшін 29 мың га жайылым жерді халыққа өтеусіз беру жөнінде ауыл шаруашылығы құрылымдарымен меморандум жасалды.

«СҚО-дағы негізгі мәселе – пайға берілген жерге қатысты. Картадағы талдау жұмыстары барлық ауданда жер мәселесі бар екендігін көрсетті. Соның кесірінен кейбір пай иелері мәселені шешу мүмкін емес деп ойлап, қалаға көшіп кетті. Көбісі сот процесінде ұтылып, бізге жүгінеді. Басқалары ЖШС тарапынан қысым көреді. Комиссияның бүгінгі міндеті – жерді бір ЖШС-ден алып, екіншісіне беру емес. Біздің міндетіміз – жер қатынастары саласындағы заң үстемдігі мен әділдікті қалпына келтіру. Біз түрлі процестерге ықпал етіп, заңға көптеген түзетулер енгізе аламыз», – деп атап өтті «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, заңгер Бақытжан Базарбек.

Комиссия мүшесі, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов қолданыстағы шаруа қожалықтарының тиімсіздігіне назар аударды.

«Мысалы, адамдардың бір бөлігі қалада тұрады. Жалған құжат жасау, жиналыс өткізбеу арқылы жерді бір компаниядан екінші компанияға беріп жіберген шаруашылықтар бар. Сот ісі болады. Шын мәнінде, жер әуел бастан-ақ игеру, пайдалану үшін алынбағаны түсінікті. Құжаттардағы шатасулар ақыр-соңында жердің құнарын кетіріп, сапасын төмендетіп тынады. Бұл айналыспаса болмайтын аса маңызды мәселе», – деді ол.

Белое ауылының тұрғыны, агроном-ғалым Светлана Гауктың айтуынша, шаруашылықтардың кімге тиесілі екенін білу үшін ортақ карта жасау керек.

Бұл карта тұрғындардың жерге кім иелік ететінін және нақты қай жерді иеленіп отырғанын көре алуы үшін қажет.

Сол күні партияның Петропавлдағы облыстық филиалында «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері азаматтарды қабылдады. Өтініш білдіргендердің басым көпшілігі – жерінен айырылып қалған адамдар.

Оның арасында Айыртау, Ақжар, Жамбыл және Шал ақын аудандарының тұрғындары болды. Жер мәселесімен комиссияға өңірдің 60-тан астам тұрғыны жүгінді. Барлық мәселе партиялық бақылауға алынды.

Бұған дейін комиссия мүшелері Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарында болды. Жалпы, «Жер аманаты» комиссиясының көмегімен 285 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Жер мәселесін жедел шешу үшін қазақстандықтар барлық заң бұзу фактілері туралы «AMANAT» партиясының «жедел желісіне» 8 800 080 44 41 телефоны арқылы хабарлай алады.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT