СҚО-да 18 елді мекенді тасқын кезінде су басу қаупі бар (ФОТО)

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында тасқынмен күрес бойынша штаб құрылды, 21 мың тоннадан астам инерттік материалдар дайындалды.

Елді мекендер мен жолдарды су басуы кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қолданылуда.

Бұл мәліметтер аймақ басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша облыстық комиссияның отырысында айтылды.

Солтүстік Қазақстан облысындағы қар жамылғысының биіктігі нормадан асқан. Сондықтан бүгінде аймақта тасқынға қарсы күрес жүргізуге дайындық жүріп жатыр. Апаттық-құтқару жұмыстарын өткізу үшін облыста 14 жедел елеу жасағы құрылып, 440 техника дайындалды.

«Күтіліп отырған көктемгі су тасқынының салдарынан 18 елді мекенді су басуы ықтимал. Көлік жолдарының 302 шақырымы да су астында қалуы мүмкін», - деп ақпараттандырды СҚО әкімінің орынбасары Владимир Бубенко.

Қалыптасқан жағдайға байланысты өңірдегі Сергеев, Шарық, Петропавл су қоймаларын толтырудың тұрақты мониторингі өткізілуде.

Облыс аумағында барлығы 25 гидротехникалық құрылыс бар. Биылғы жылы Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Шарық гидроторабын онда 2016-2017 жылдары күрделі жөндеу өткізу мен қалпына келтірудің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, табиғи апаттардың салдарын жою үшін облыста инерттік материалдардың, ыдыс-қаптар, жанар-жағармай қоры жасалды.

Отырыс кезінде алдағы уақытта күтіліп отырған республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды су басуы қаупінің алдын алу мәселелері де айтылды.

«Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды, олардағы жасанды құрылыстарды дайындау бойынша шаралар жоспары дайындалды. Наурыз айында қардың еруіне дейін су жіберетін құбырларды және қоқысты тазалау жұмыстары өткізіледі», - деді СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов.

Соңғы жаңалықтар