СҚО-да 17 баласы бар отбасы тұрады

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Сулышоқ ауылында өңірдегі ең көп балалы отбасы тұрады. Асхат Нүсіпов пен Гүлнұр Ахаеваның 10 ұлы мен 7 қызы бар. Ерлі-зайыптылар он баланы асырап алып, бауырына басқан. ҚазАқпарат тілшісі мойнына ауыр жүк пен үлкен жауапкершілік алған көпбалалы анамен сұхбат құрған еді.

- Гүлнұр Қозыбайқызы, өзіңіз туралы, қайда тудыңыз, қайда оқыдыңыз, мамандығыңыз туралы айтып беріңізші.

- Мен Алматы облысы, Панфилов ауданы Жаркент қаласында туғанмын. Сол жерде білім алдым, кейін әкем сол аудандағы басқа мектепке директор болып ауысып, Дарбазақұм деген ауылда 9 жылдық мектепті бітірдім. Кейін Талдықорғанда еңбек пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Еңбек жолымды бастап, сырттай І.Жансүгіров атындағы университетке дефектолог мамандығына оқуға түстім. Кейін дайындықтан өтіп, бастауыш сынып мұғалімі деген біліктілікті алдым. Қазіргі таңда 3-сыныптың жетекшісімін және жоғары сыныптарға еңбек пәнінен беремін. Жалпы, қазіргі таңда барлық еңбек өтілім – 25 жыл. 2017 жылы мемлекеттік бағдарламамен Талдықорған қаласынан осы жаққа қоныс аудардық. СҚО М.Жұмабаев ауданының Сұлушоқ ауылында тұрамын.

- Күйеуіңізбен қайда, қалай таныстыңыз?

- Жолдасым Асхат Кененбайұлымен Талдықорған қаласында таныстым. 2000 жылдың күз айы болатын. Ауырып, терапия бөлімшесінде жаттым. Сонда болашақ жолдасымның жеңгесі қатты ауырып, жедел жәрдеммен ауруханаға түсті. Мен оны танымаймын ғой. Қатты ауырып жатқандықтан, жүгіріп, біресе медбикені шақырып келемін, біресе шәйнекті қосып, жылы су мен дәрісін беремін. Сөйтіп, таң атқанша әлгі кісіге қызмет жасадым. Жолдасым жеңгесіне келіп тұрды, сол жерде таныстық. Екеуіміз көрші тұрады екенбіз, бір шағын ауданда. Ауруханадан шыққаннан кейін сөйлесіп жүрдік. Сөйтіп, достығымыз махаббатқа ұласты. 2001 жылдың шілде айында тойымыз өтті. Қазақтың бар салт-дәстүрімен сырға салып, құда түсіп, үйден ұзатып алып кетті. Ата-енем 700 адамға той жасап берді. Содан бері 21 жыл тұрып жатырмыз. Жолдасымның бойындағы барлық қасиеттері ұнайды. Ол басқа жігіттерге ұқсамайтын, әлі де солай, ерекше, сонысымен де мені баурап алды.

- Өзіңіз көп балалы отбасыдансыз ба? Көп балалы ана боламын деген ой болды ма?

- Мен көп балалы отбасынанмын, бес баламыз. Анам Нұрбәтен Сапарбайқызы Бекенова қазір зейнеткер, мұғалім болған. Әкем Қозыбай Оқанұлы 44 жасында дүниеден өтті. Ол да мұғалім, математикадан сабақ берді, мектеп директоры болды. Жолдасымның әке-шешесі де – мұғалімдер, математиктер. Анам Нұрбәтен қаңтар айына дейін бізде болды, балаларға қарап, өсіруге көмектесті. Өзім «менің көп балам болады» деп жоспарлаған емеспін. Жолдасым бұрын «біреудің үш баласы бар екен», «біреудің төрт баласы бар екен» деп айтқанда көзім бақырайып, таң қалатынмын. Бірақ, кейін әр баланың өмірге келуі, оны тосуымыз, қыз бала болса екен деп күтуім, өйткені қыз баланы көбірек жақсы көремін, өмір адамды өзгертеді екен.

- Бала асырап алған екенсіздер, оған не себеп болды?

- 2002 жылы тұңғышым Нұрбекке перзентханаға барғанда балалар бөлімшесінде алты бірдей нәресте жатты. Әлгілер жылай береді, оларды көріп, жүрегім ауырып, медбикелерден сәбилер неге жылайды, аналары қайда деп сұрағанымда, «енді олар тастанды ғой» деп жай ғана бір сөзбен айта салды. Сонда жетімектерді аяп, жүрегім ауырып, жаным күйзеліске түсті. Балалардың бір-екеуін үйге алып кеткім келді. Перзентханадан шыққан кезде де артыма жалтақ-жалтақ қарап, қимай кеттім. Жолда келе жатқанда «бала асырап алсақ қайтеді» деп жолдасыма айтып едім, ол менің бетіме «мынаның есі дұрыс па» деген сияқты біртүрлі қарады. Ойлаған шығар «қалай біреудің баласын аламыз, өзіміздің баламыз бар ғой» деп. Үйге келіп, «перзентханада қаншама тастанды бала қалды» деп енеме айтып тағы жыладым. «Сендердің бастарың жас, әлі өз балаларың болады» деп енем басу айтты. Бірақ перзентханаға әр балама барған сайын жолдасыма «егер онда тастанды бала болса, алып кетемін» деп айтатынмын, ол кезде ресімдеу оңай болатын. Бір-екі рет жолдасымның «дайын емеспін» деп келмей қойғаны да бар.

Уақыт өте келе Асхатты көндірдім. Енді қазір қарап отырсам, мен жолдасымды 17 жыл бойы психологиялық тұрғыда дайындаппын. Асхат келіп, «Гүлнұр, мен дайын сияқтымын. Қазір қабылдаушы отбасы, патронаттық тәрбие деген бар екен. Қабылдаушы отбасы болып, отбасымызға төрт бала алсақ деген ойым бар» дегенде құлап қала жаздадым. «Әрине, әрине» дей бердім, осылайша балаларды алдық.

- Балаларыңыз туралы айтып беріңізші.

- Он ұл, жеті қызым бар. Бәрі шетінен шебер, әнші-биші. Қыздарыммен құрақ құрап, көрпе-жастық тігеміз, түрлі бұйымдар жасаймыз. Ал, ұлдардың ересектері мал-құсқа иелік етеді. Нұрбек, Інжу, Нарбек, Айбек, Жақұт, Гаухар, Айсұлтан – өз кіндігімізден. Аман, Анастасия, Юлия, Равиль, Чингиз, Давид, Алексей, Иван, Доминика, Варвара – құшағымызға біткені.

- Араларында өзге ұлт өкілдері де бар екен. Бұл қиындық тудырмай ма?

- Көп ұлтты болуы ешқандай қиындық тудырмайды. Татар балам, орыс ұл-қыздарым бар. Екі тілде сөйлесеміз, бірақ балалар орысша таза сөйлейді деп айта алмаймын. Өйткені, бізде бәрі қазақша ғой, мектебіміз, балабақшамыз қазақша, сондықтан балалар таза акцентсіз сөйлейді. Мен оған қуанамын.

Адам болғаннан кейін әр баланың өз мінезі бар, пікірі бар. Әрқайсысы өз бетінше тұлға ғой. Сөйлесеміз, санасамыз, айтамыз, бәрін түсіндіреміз.

- Жалпы, қазір күніңіз нешеде және неденбасталады? Қосалқы шаруашылықпен айналысасыздар ма?

- Ауылда тұрғаннан кейін мал ұстаймыз, бір үйге керекті қаз-үйрек, тауығымыз бар.

Таңғы сағат 7.00-ден тұрамыз, күніміз таңғы асымызды әзірлеуден басталады. Жүгіріп жүріп мектепке дайындаламыз. Өзіммен бірге алып кететін төрт балам бар. Чингисім мен Доминикам, Гаухар мен Жақұтымды алып кетемін сабаққа. Одан кейін бір сағаттан соң бір балам барады дайындық тобына, Ваням. Сондықтан ерте тұрып, тез-тез шайларын, ботқаларын беріп, жұмысқа кетем. Мектептен сағат 12.00 шамасында келем. Қыздарым ол кезде шайды қайнатып, тамақты жылытып, күтіп отырады. Осылайша түскі астың да уақыты болады, балалардың алды мектептен келе бастайды. Балабақшадан келгендерін қабылдап алып, түскі ұйқыларына жатқызып, сағат 16.00-де тұрғызып, тағы да тамақтандырып, одан кейін сабақ оқуға отырады. Түстен кейін әкелерінің қолы босайды, әскерден келген Нұрбегім бар, қазір жиырмадан асты, 4-сыныпта оқитын Жақұтым – бәрі балаларға үй тапсырмасын орындауға көмектеседі. Мен жұмысыма кетемін, төрттерден кейін сабағым бар. Сабақтан кейін үйге жүгіріп келіп, біреуіміз ет турап, біреуіміз пияз аршып дегендей тамағымызды жасап, кешкі асымызды ішеміз. Әрине балалар көмектеседі. Пешті жағып, ыдыс-аяқты жуып, жинастырғаннан кейін үлкендері сабақ оқуға отырады. Кішкентайларының ертеңгі сабаққа жиналуына көмектесіп, одан кейін ойнайды. Мультфильмдерін көреді. Осылай күніміз күнделікті қызықты өтіп жатыр.

- Жұмыс та істейсіз, барлығына қалай үлгересіз?

- Үлгеру керек, үлгермеске болмайды. Өйткені ақша да табу керек, баланы да бағу қажет. Менің энергиям көп шығар деп ойлаймын кейде. Ешқашан жаным қиналып, ренжіген емеспін. Балаларымның барлығына тәуба деймін, Аллаға шүкіршілік. Кейде ойлаймын, осы балаларымның көз жасы үшін анау жер түбінен осы жаққа көшіп келген шығармын деп.

- Балалар тәрбиесінде неге баса мән бересіз?

- Балалардың өтірік айтпауын қатты қадағалаймын. Бір-біріне қамқор болуын, үлкендердің кішкентайларға қамқор болуын назарда ұстаймын. Сондай-ақ кішкентайларға үлкендерінің атын ататқызбаймын, «аға», «көке», «тәте» немесе «ләлә» деп өздерінің қойып алған аттары бар. Ол да бір тәрбие. Сосын бір-біріне дауыс көтертіп, жауап бергізбеймін. Бір-бірін сыйлауына, қамқорлық көрсетуіне аса мән береміз.

- Мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға қазір қандай көмек бар? Ол көмек жеткілікті ме?

- Өзім туған 7 балама жәрдемақы беріледі, әрқайсысына 11 мың теңгеден. Сосын әр балаға ай сайын асырауына деп берілетін жәрдемақы бар. Бірақ ол қазіргі заманда жеткіліксіз, өйткені бір сыртқы киімінің өзі 25-30 мың теңге шамасында тұрады. Бір жақсы аяқ киім алып беру үшін 20 мың теңге керек. Одан басқа тамағы бар, балалар киімдері де қазір қымбат. Беріліп жатқан жәрдемақы жетеді деп айта алмаймын. Сондықтан жолдасым екеуіміз де жұмыс істейміз, одан басқа амал жоқ.

- Көп балалы ана атануға қорқатын келіншектерге қандай кеңес берер едіңіз?

- Көп балалы болуға қорықпау керек. Әр баланың өз несібесі бар. Қазақта мақал да бар ғой: «бір қозы артық туса, бір жусан артық шығады» деген.

- Кеңестік заманда әр отбасында кемінде бес бала болатын. Қазіргі уақытта көпбалалы ана болу қиын ба?

- Ия, қазір 1-2 баладан аспайды, көп болса үшеу. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба соның ізімен жүреді» деген қазақтың сөзі бар. Бірінші-екінші балаға жақсы тәрбие берілсе, олар өздері білгенді артындағы іні-сіңлілеріне үйретеді, осылайша бір-бірін жетектеп кетеді. Менің ойымша, бір-екі баласы бар отбасыларда өте қиын. Олар әбден өбектеп, асты-үстіне түседі. Көп балалы отбасынан шыққандар көпшіл, жауапкершілігі жоғары болады.

Мемлекеттік мекемелерде істейтін қызметкерлердің өзі шошына қарайды. Қазір балаларымның екеуі 18-ден асқан, сонда 15 бала ғой, соны «масқара, 15 бала, қалай ол» деп таң қалып жатады. Онда тұрған түк те жоқ, неге таң қалады, ол таң қалатын нәрсе ме?

- Неліктен қоғамның көпбалалы отбасыларға көзқарасы өзгерді, көп жағдайда агрессивті қабылдайды?

- Ия, дұрыс айтасыз, көп балалы отбасы десе көпшілік шошиды. Бізде 19 баламыз болған, қазір 17 бала тәрбиелеп отырмын. Былтыр тамыз айында шаңырағымызға төрт кішкентай орыс қызын қабылдап алдық. Соның екеуінің анасы құжаттарын жинап, өздерін жақсы жақтарынан көрсетіп, соттың шешімімен Алексия мен Юстинамызды, қазақшалап Ләйла деп айтатынбыз, аналарына қайтарып бердік. Әрине, жүрегіміз ауырды, қимастық болды. Қыздарымыздың тілдері қазақша шығып, қатты бауыр басып едік. Бірақ, заңның аты – заң. Қайтарып бердік. Қазіргі таңда тағы да жолдасымыз екеуіміз балалар үйіне барып жүрміз, көріп, танысып. Құжаттарымызды жинап жатырмыз. Бірақ, менің алдымнан шығып жатқан кедергілер көп.

Көп балалы дегенде, көпшілік жоқшылықта өмір сүріп жатқандарды елестететін шығар. Ол ата-анаға байланысты ғой. Ерлі-зайыпты еңбекқор болуы тиіс, өмірге әкелдің бе, соған деген жауапкершілігің болуы керек. Ол балаға барлық жағынан жақсы тәлім-тәрбие беріп, толық қамтамасыз ету қажет.

Кейде әлеуметтік желіде көп балалы отбасыларды көріп, «жағамды ұстап» отырамын. Аналардың айқайын естіп таң қаламын. Әкімдіктерге барып, дауыс көтеріп, «маған ананы бер, мынаны бер, жағдайымды жаса» деп жатады ғой. «Үйім жоқ, күйім жоқ», тағысын тағылар. Әй, сол баланы өмірге әкелерде не ойладың сен? Баланы туғаннан кейін оны әрі қарай жеткізу керек қой. Сондықтан, қоғам, әрине, алакөзбен қарап, басқаша қабылдайды.

- Сіз бақыттысыз ба? Бақытты қалай түсінесіз?

- Әрине, бақыттымын! Қасымда Құдай қосқан қосағым бар, жанымды түсінетін. Қызғалдақтай желкілдеп өсіп келе жатқан қыздарым, батыр тұлғалы ұлдарым бар. Әрине, тіл-көзден сақтасын! «Сөз тас жарады, тас жармаса – бас жарады» дейді ғой, сондықтан ылғи тәубама келіп отырамын.

- Бос уақытыңыз бола ма? Оны қалай өткізесіз?

- Бізде әр сенбі – бос күн. Ол күні біз ұйқыдан асықпай тұрамыз, содан кейін қыздар үй жинайды, кір жуамыз, үй шаруасын бітіргеннен соң балалар ұнатқан істерімен айналысады, ойнайды. Бұл күні ерік береміз. Өзім де сенбі демаламын, сүйікті сериалымды қараймын, дүкен аралағанды жақсы көремін, ол да керек, адам бір сергіп қалады.

- Арманыңыз бар ма?

- Менің арманым – еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен. Аспанымызда қару-жарақтың дауысы шықпасын деймін. Балаларым аман-есен болып, әрқайсысы елінің елеулі, халқының қалаулы, бір-бір жақсы мамандық иесі болып, Асхат пен Гүлнұрдың тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары-ай деп айтса, маған одан артық ешқандай бақыттың да, ешқандай арманның да қажеті жоқ.

- Мереке қарсаңында қыз-келіншектерге не тілер едіңіз?

- 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, аналарымыздың, әжелеріміздің мерекесі құтты болсын! Тек қана жақсылық болсын. Әр отбасынан баланың күлкісі кетпесін, ойыншықтың сылдыры кетпесін. Бойжеткендерге айтарым, ертерек өмірден өз орындарыңды табыңдар. «Жол мұраты – жету болса, қыз мұраты – кету» ғой. Келіншектерге айтарым, көп балалы болудан қорықпаңыздар. Ешқандай оның қиыншылығы жоқ. Біздің Сулышоқ ауылында көп балалы отбасылар көп. «Еңбек» бағдарламасымен көшіп келіп жатқандарда кемінде төрт баласы бар.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар