СҚО-да 150 жасөспірім полицейлердің есебінде тұр

Автор:  
Ақерке Дәуренбекқызы

СҚО-да 150 жасөспірім полицейлердің есебінде тұр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр жасөспірімдер арасында 2 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр жасөспірімдерге қатысты проблемалық отбасыларға және ойын-сауық орындарына мыңға жуық рейд өткізілген. Бұдан басқа тұрақты түрде балалармен әңгімелесу, онлайн-конференциялар ұйымдастырылып тұрады. Ювеналды полицейлермен бірге түнгі рейдтерге білім беру, денсаулық сақтау органдарының өкілдері, криминалдық полиция және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері қатысады.

Нәтижесінде, 2021 жылдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін олардың 2373 заңды өкілі әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ түнде көңіл көтеру орындарына балаларды кіргізгені үшін 27 кәсіпкерге айыппұл салынды. Кәмелет жасына толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін заңнаманы бұза отырып сатқаны үшін 133 дүкеннің иесі жазаланды.

СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың айтуынша, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ювеналды полиция инспекторларының басты міндеті. Бұл жұмыс тек полиция мен мұғалімдерден ғана емес, сонымен қатар балалардың ата-аналары тарапынан да белгілі бір күш-жігерді қажет етеді. Қазіргі уақытта полицейлердің есебіне 150 жасөспірім салынған, олармен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ 315 қолайсыз ата-ана есепте тұр. Бұл жұмыстың басты мақсаты - балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың тарапынан және оларға қатысты қылмыстардың жасалуына жол бермеу.





Серіктестер жаңалықтары