СҚО-да 15 сауықтыру лагерінің жартысы жұмысын бастай алмай отыр
2022 жылғы 22 маусым 14:39

СҚО-да 15 сауықтыру лагерінің жартысы жұмысын бастай алмай отыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында балаларға арналған 15 сауықтыру лагері болса, соның тек жетеуі ғана санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алып, іске кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл өңірдегі 15 сауықтыру лагері 7240 баланы демалыспен қамтуды жоспарлаған. Алайда бұл лагерьлердің тек жетеуі ғана қазір санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны алып, өз жұмыстарын бастады. Олардың екеуі Петропавл маңында, қалғандары аудандарда орналасқан.

Құжаттарын сайлап, тиісті рұқсатты алған лагерьлерде алғашқы маусым осы айдың 17-20 күндері басталды. Балалар 10 күннен дем алады.

«Биыл 15 лагерьдің төртеуі: Мамлют ауданындағы «Искра», Жамбыл ауданындағы «Лесная поляна», Қызылжар ауданындағы «Золотая осень» және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы «Солнышко» лагерлері мүлдем жұмыс істемейді. Бұл лагерьлерде меншік иелері әлі анықталмаған, сенімгерлік басқаруға берілмеген. Ал «Лесная поляна» сауықтыру лагерінде сумен жабдықтау мәселесі шешілмеген. Ұңғымадан алынатын су көрсеткіштерге сәйкес келмейді және оны тек техникалық мақсаттарға ғана қолдануға болады», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы Гүлнар Сейітова.

Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз демалысын ұйымдастыру үшін міндетті түрде нормативтік құжаттарға сәйкес талаптарды орындау қажет. Ол үшін балалардың демалысын ұйымдастыратын заңды және жеке тұлғалар санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны алу керек.

«Апаттық жағдайда тұрған ғимараттардағы лагерьлердің жұмыс істеуіне жол берілмейді. Аумағы қоршалған болуы тиіс. Нысандарда орталықтандырылған ауыз су мен ыстық су болуы керек. Ол болмаған жағдайда су жылытқыштар орнатылады. Орталықтандырылған су желісіне қосылмаған жағдайда жергілікті су көзін пайдалануға болады. Алайда ыстық және суық су ғимараттың ішіне кіргізіліп, қолжетімді болуы тиіс», - дейді Гүлнар Сейітова.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT