СҚО-да 15 мыңға жуық адам тұмауға қарсы екпе алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жедел респираторлық-вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны артып келеді. Қыркүйекте 4010 адам ауырса, соның 1096-сы өткен аптада тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Меруерт Атамбаеваның айтуынша, 1 қазан елімізде тұмау мен вирустық инфекциялардың эпидемиялық маусымы ресми түрде басталды. Өңірде ауырғандар саны артып келеді, алайда бақыланатын деңгейден асқан жоқ. Әзірге тұмауды жұқтырғандар анықталған жоқ. Ал жедел респираторлық-вирустық инфекцияны қыркүйек айында 4010 адам жұқтырса, соның 1096-сы өткен аптада тіркелген.

«Былтырғы маусымда ЖРВИ-ді жұқтырудың 38 508 жағдайы тіркелді. Олардың 1702-сін ауруханаға жатқызуға тура келді. Оның 97-сі жүкті әйел, 388-і бір жасқа дейінгі бала. Ауырғандардың 686-сының өкпесі қабынған. Оның алдындағы маусымда 44 514 адам ауырды», - дейді МеруертАтамбаева.

Биыл да СҚО-ға тұмауға қарсы 60 мың доза препарат алынды. Ресейлік «Гриппол плюс» қауіп-қатер тобына жататындарға тегін егіледі. Осы күнге дейін облыс тұрғындарының 2,7 %-ы – 14 951 адам екпе алды. Оның ішінде 1,6 мыңға жуық оқушы, 4 мыңға жуық медқызметкер, 53 жүкті әйел бар.

«Маусымдық тұмауда әдетте бірден дене қызуы көтеріліп, құрғақ жөтел пайда болады, бас ауырып, дене сырқырап ауырады. Тамақ қызарып, мұрыннан су кетуі мүмкін. Жөтел екі аптаға дейін созылуы мүмкін. Көпшілік бір аптаға дейін ауырады. Ал қауіп-қатер тобына жататындарда ауру асқынып, соңы өлімге апаруы мүмкін. Жылда әлем бойынша тұмау эпидемиясынан 290-650 мың адам қайтыс болады», - дейді санитар дәпігер.

Маманның айтуынша, аурумен күрестің тиімді жолы – вакцина алу. Сондай-ақ, дұрыс маска тағу, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, кісі көп жүретін жерлерге бармау, қолды сабындап жиі жуып отыру. Иммунитетті көтеру үшін дәрімендер ішу, далада көбірек серуендеу, дұрыс ұйықтау да инфекциямен күрестің бірден-бір жолы болмақ.


Соңғы жаңалықтар