СҚО-да 15 медицина қызметкері мемлекеттік наградамен марапатталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бүгін коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері - дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, фельдшерлер және жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, медицина қызметкерлеріне жоғары мемлекеттік наградаларды Президенттің атынан өңір басшысы Құмар Ақсақалов табыс етті.

Дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, фельдшерлер және жедел жәрдем қызметінің алдыңғы шепте жұмыс істеп жатқанына төрт айдан асты.

«Инфекцияны жұқтырғандар саны көбеймесе, әзірге азаяр емес. Медицина қызметкерлеріне артылған жүк ауыр. Сіздердің көпшілігіңіз демалыссыз жұмыс істеп, айына 300 сағаттан артық еңбек етіп жатырсыздар. Бұл өте ауыр. Сіздердің арқаларыңызда облыста 545 адам тәуір болды, бұл – шамамен жалпы ауырғандардың үштен бірі. Басқалардың өміріне араша түсем деп 87 медицина қызметкері коронавирусты инфекцияны жұқтырды. Олардың тезірек тәуір болуына тілектеспіз», - деді облыс әкімі.


Петропавл қалалық бірінші ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ботагөз Сүлейменова «Парасат» орденімен, осы аурухананың дәрігері - Алексей Левцов пен бас медбибісі – Наталья Полицина және №3 қалалық ауруханасының дәрігері Абылайхан Баяндин «Құрмет» орденімен, тағы жеті адам «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және төрт адам ҚР Құрмет грамотасымен марапатталды.

«Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне зор сенім артып отыр. Әрқайсыңыз азаматтардың өмірін сақтап қалу жолында бар күш-жігерлеріңізді жұмсап жатқандарыңыз үшін құрмет пен алғысқа лайықсыздар. Сіздерге мықты денсаулық, сәттілік, игілік және төзім тілеймін!», - деді Құмар Ақсақалов.

Бұған дейін СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың онлайн брифинг өткізіп, жедел жәрдем бригадаларына жүктеменің еселенгенін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар