СҚО-да 15 баласы бар ананы «Ауыл» партиясының өкілдері мерекемен құттықтады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласындағы 15 баланың анасы Татьяна Култышева 8 наурыз мерекесі қарсаңында сый-құрметке бөленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының СҚО филиалы Петропавлдағы Култышевтер отбасына арнайы барып, осы шаңырақтың нәзік жандарын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Олар сый-сияпаттарын да ала келіпті. Татьянаға күнделікті тұрмыста аса қажет техниканы сыйлап, қыздарға тәттіні үлестірді.

Татьяна Култышева 7 қыз, 8 ұлды дүниеге әкелген батыр ана. Тұңғышы 18 жасқа толса, кенжесі – 9 айлық қана.

«Осындай батыр аналарды ерекше қастерлеу керек. Сонда ғана біздің еліміз, жеріміз көркейеді. Біздің Қазақстан - ерекше мемлекет. Себебі, көп ұлт мекен еткен. Көп ұлтты елде барлығы да бір отбасындай тұрып жатыр. Татьянаның жүрегі толған имандылық. Жүзінен мейірім төгіліп тұр. Балалары тәрбиелі, тәртіпті. Бұл шаңыраққа тек бақыт тілеймін», - деді «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы СҚО филиалының төрағасы Темірғали Әбілмәжінов.

Берекелі шаңырақта қонақтарды кең дастархан жайып қарсы алды.

«Барлық құрбы-сіңлілеріме, қыз-келіншектерге әйел бақытын тілеймін. Балаларыңыз көп болсын. Менің барым да, байлығым да – балаларым. Олардың барлығын бірдей жақсы көремін, бөліп, жармаймын. Қиыншылықтар болып жатады. Бірақ ол маңызды емес», - дейді Татьяна Култышева.

Естеріңізде болса, 15 баланы дүниеге әкелген ерлі-зайыпты Култышевтар жайында бұған дейін айтқан едік. Жақында отбасында тағы бір нәресте дүниеге келмек.



Соңғы жаңалықтар