СҚО-да 14 қой көлік астына түсіп, қырылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көлік жүргізушісі түнгі уақытта автожолдың үстіне шығып кеткен қойлармен соқтығысып, салдарынан 14 мал өлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 11 қазанға қараған түні «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолының 370 шақырымында, Тайынша ауданы Кременчуг ауылының маңында болған. Көкшетау қаласының 36 жастағы тұрғыны «ВАЗ 2115» автокөлігімен келе жатып, жолға шығып кеткен қойларды кеш байқаған. Салдарынан машина малдарды қағып өтіп, 14 қой өлді. Жүргізуші зардап шеккен жоқ, көлік механикалық зақымдалды.

Жануарлардың иесіне малды жолға шығарғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

«Осыған ұқсас жол-көлік оқиғасы қыркүйек айының соңында Есіл ауданының аумағында болған еді. Ол жолы да 14 бас қой қырылды. Полиция қызметкерлері осындай оқиғаларға әкелетін еркін мал жаю фактілерінің алдын алу үшін жұмыстар жүргізеді. Мал айдаушылар да қырағылық таныту керек. Олар жол қозғалысының қатысушылары, сондықтан белгіленген ережелерді сақтау керек. Мал иелері мен бақташылар малдың жолға кенеттен шығуына жол бермеуі керек. Түлікті жол бойымен тәуліктің жарық уақытында ғана айдап өтуге болады. Ал қараңғы уақытта өткізу үшін жақындап келе жатқан автомобильдерге фонарьмен немесе алаумен сигнал беру міндетті», - дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.


Соңғы жаңалықтар