СҚО-да 130 мың теңге пара алды деген күдікпен ауыл әкімі ұсталды
2022 жылғы 30 маусым 16:25

СҚО-да 130 мың теңге пара алды деген күдікпен ауыл әкімі ұсталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 130 мың теңге пара алды деген күдікпен ауыл әкімін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов орталық коммуникациялар қызметінде сәрсенбі күні өткен брифингте Есіл ауданы Спасовка ауылдық округі әкімінің ұсталғанын растаған еді.

«Ия, алдыңғы күні оны ұстады. Қазір ол қылмысын мойындап, түсінік беріп жатыр. Тергеумен келісімге келді. Бұл істі тездетеді. Әрине, ол жауапкершілікке тартылады», - деді СҚО әкімі.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 26 маусым күні Есіл ауданы Спасовка ауылдық округінің әкімі Азамат Жолдаяқовты 130 мың теңге пара алғаны үшін ұстаған.

Сол күні ведомство қызметкерлері тінту барысында ақшаны тауып, тәркіледі. Жолдаяқов заңға сәйкес күдікті деп танылды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Істің анық-қанығы тергеу толық аяқталған соң белгілі болмақ.

Есіл аудандық әкімдігінің ресми сайтында Азамат Жолдаяқов жайында толық ақпарат жарияланған. 1982 жылы Көкшетау қаласында туған ер адам Спасовка ауылдық округіне әкім болып 2021 жылдың 14 сәуірінде тағайындалған екен.

Бұған дейін СҚО Айыртау ауданында ерлі-зайыпты арасындағы жанжалдың қайғылы аяқталғанын айтқан едік. Күйеуі әйелін атып өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсады.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT