СҚО-да 13 мың кәсіпорында әйелдер жетекшілік етеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында әйелдер кәсіпкерлігі дамып, бүгінде әр үшінші кәсіпорында қыз-келіншектер жетекшілік етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесі «Өсу уақыты» атты аймақаралық конференция өткізді. Мақсаты – тәжірибемен бөлісу, өз ісін ашқысы келіп жүргендерге үлгі көрсету. Жиын аясында жас кәсіпкерлер түрлі шеберлік сағаттарына қатысуға мүмкіндік алды.

«Біздің конференция негізінен жас кәсіпкерлерге арналған. Бұрын жұмыссыз жүрген немесе өзін-өзі қамтыған көптеген тұрғын «Бастау» бағдарламасымен білім алып, өз ісін ашып жатыр. Оларға қазір жақсы қолдау керек. Өйткені оның бәрі біздің басымыздан өтті. Сондықтан конференцияда атқарылған жұмыстардан басқа біз жылдар бойы жинақтаған тәжірибемізбен бөлісеміз. Шеберлік сағаттарын өткізу үшін басқа қалалардан арнайы жаттықтырушылар шақырдық», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасы әйелдер кеңесінің төрағасы Айтықан Қалғаева.

Жыл басынан «Бастау» бағдарламасы бойынша 940 әйел, «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 274 қыз-келіншек курстан өтіп, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренген.

Астаналық Эмин Аскеров әлеуметтік шеберхананың жетекшісі. Арнайы шақыртумен келген кәсіпкер әлеуметтік аз қамтылғандарға, мүгедектерге жұмысқа орналасуға немесе олардың өз жеке ісін ашуға көмектесіп, бағыт-бағдар береді. Қазір елімізде 250-дей әлеуметтік кәсіпкер бар.

«Соңғы бес жыл бойы мен әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысып келемін. Әлеуметтік кәсіпкерлік қазіргі таңда Қазақстан аумағында трендке айналған. Кей облыстарда тіпті мектептер де ашылған. Қазір СҚО-да да осындай әлеуметтік кәсіпкерлікке үйрететін мектеп ашу мәселесі шешіліп жатыр. Әлеуметтік кәсіпкерлердің негізгі мақсаты – жұмыспен қамту, экология және білім берудегі мәселелерді шешу», - деп атап өтті Green Tal әлеуметтік шеберхананың жетекшісі Эмин Аскеров.

СҚО-да қазір 30 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. Әр үшінші компанияны қыз-келіншектер басқарады. Облыс бюджетіне түсетін салықтың тең жартысы осы кәсіпкерлердің еншісінде.

Конференцияға келгендер жас кәсіпкерлер ұйымдастырған көрмені тамашалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ бұл күні іскер әйелдер кеңесі БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырған «Алтын сөз - 2019» байқауының қорытындысы шығарылды.

Соңғы жаңалықтар