СҚО-да 126 көлік қар құрсауынан шығарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында боран кезінде құтқарушылар бір тәуліктің ішінде 126 көлікті қар құрсауынан шығарып, 245 адамға қол ұшын берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше секундына 30 метрге дейін жел тұрып, боран соқты. Қолайсыз ауа райы туралы өңірдің 598 мыңнан астам абонентке sms-хабарлама жіберіліп, сондай-ақ «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы алдын ала ескертілді.

Боранда жолдың нашар көрінуіне, көктайғаққа байланысты облыста автокөліктің барлық түрлері үшін Ақжар, Айыртау, Жамбыл, Қызылжар, Ш.Уәлиханов, М. Жұмабаев, Ғ. Мүсірепов, Жамбыл және Шал ақын аудандарында 47 жол учаскесі жабылды.

Алайда ескертуге қарамастан жолға шығып кеткендер болды. Қар құрсауында қалғандар үшін облыстық жедел штаб құрылып, «қауырт желі» ашылды.

Қызылжар ауданындағы Шаховское елді мекенінің тұрғыны Мария Фелбуш дәрігерге көріну үшін аудан орталығына келген. Екіқабат әйел жұмысын бітіргенше кеш түсіп, боран күшейіп кеткен. Үйдегі төрт баласына асыққан ана жолға шығып, далада қалды.

«Жұмыстарымды бітіріп, үйге қайтам деп ойлағам. Боран күшейіп кетті. Жолда қалдым. Құтқарушыларға алғысым шексіз. Қазір мені үйге, төрт балама апара жатыр», - дейді Мария.

Мамандардың жедел әрекеті нәтижесінде, қарға батқан 126 техника шығарылып, 220 адам, соның ішінде 19 бала қауіпсіз жерге жеткізілді. Ақтүтек боранда жолда қалған 25 адам құтқарылды.


Соңғы жаңалықтар