СҚО-да 125 мыңнан астам адам медициналық сақтандырылмаған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыру жөніндегі аймақтық штаб отырысы онлайн өтіп, өңірдегі сақтандыруға қатысты мәселелер қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселе жоқ емес. Өңірлік штаб төрағасының орынбасары, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО филиалының директоры Лариса Гордееваның айтуынша, өңір халқының саны 565 мыңнан асса, 281 мың адам (шамамен 50 %) - азаматтардың жеңілдікті санаттарына жатады.

Олар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді. Ал 125 мыңнан астам адам сақтандырылмағандар қатарында.

Олардан аударым мен жарна жүйесіз және уақтылы түспейді. Осылайша облыста медициналық сақтандырылғандардың үлесі 77,8 % құрап отыр.

«Өңірлік штабтың тамыз айында өткен соңғы отырысынан бастап сақтандырылмаған халық саны барлық аудандар мен Петропавл қаласында 4 049 адамға азайды. Қазіргі уақытта сақтандырылмаған азаматтардың басым бөлігі Петропавлда – 28,3 % және Тайынша - 24,4 %, Айыртау - 24,3 %, Ғ.Мүсірепов - 25,2 % және М. Жұмабаев - 24,0 % аудандарында тұрады. Осылайша, облыстың 125 346 тұрғыны МӘМС жүйесінде жоқ, олардың профилактикалық скринингтік қарап-тексеру, консультациялық-диагностикалық көмек, медициналық оңалту қызметтері, бірқатар аурулар бойынша жоспарлы стационарлық көмек сияқты медициналық көмектің белгілі бір түрлерін алуға құқығы жоқ», - дейді Лариса Гордеева.

Сақтандырылмаған азаматтардың 32 % - 30-40 жаста болса, 25 % - 41-50 жастағылар.

«Мұның бір себебі МӘМС жарналары мен аударымдары бойынша жұмыс берушілердің өз қызметкерлері үшін берешек болуы. Мемлекеттік кірістер департаментінің деректері бойынша қазір 6,9 млн теңге қарыз бар. Оның ішінде 4,5 млн теңгесі 301 заңды тұлғаның, 2,4 млн теңге 858 жеке кәсіпкерлік субъектісінің берешегі», - дейді өңірлік штаб төрағасының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар