СҚО-да 12 көпқабатты тұрғын үй жылусыз отыр

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көп қабатты 12 тұрғын үйге жылу берілген жоқ. Ал жеке сектор тұрғындарының 59 % ғана қысқа қажетті көмірді түсіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінде жылыту маусымына дайындық барысы пысықталды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Павел Шиловтың мәліметінше, жылыту маусымы өңірде кестеге сай басталды.

«285 км жылу желісі бар болса, соның барлығы толық дайындалды, 6,3 км-не күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ 602 км су тарату желісінің 6,5 шақырымы биыл күрделі жөнделді. Барлық автономды қазандықтар қысқа әзір, әлеуметтік нысандар мен көп қабатты тұрғын үйлер бойынша да мәселе жоқ», - деді әкімдік отырысында есеп берген Павел Шилов.

Алайда, тұрғындар қысқа қажетті көмірдің тек 59 % түсіріп алған. Аққайың ауданы көш соңында келеді, тұрғындардың 31 % ғана көмір алған, Мамлют ауданында тұрғындардың 49 % ғана қысқа дайын. Петропавлдықтардың тең жартысы ғана көмірмен қамтылды.

Жылыту маусымы басталса да өңірде жылусыз отырған тұрғындар бар.

«Жылыту маусымы облыс бойынша 20 қыркүйекте басталды. Қазіргі уақытта бюджеттік нысандар толық қосылса, тұрғын үйлердің 99 % жылу берілді. Петропавл қаласында - 6 және Саумалкөл елді мекенінде 6 көп қабатты үй жылусыз отыр.

Петропавлда екі үй тұрғындардың өтініші бойынша әзірге жылуға қосылған жоқ. Тағы екі үй жаңадан қолданысқа берілген, олардың құжаттары реттеліп жатыр, ал екі үйде жылу берілгеннен кейін жүйеден олқылықтар анықталған, қазір ол жөнделіп жатыр.

Айыртау ауданындағы Саумалкөлде жаңа орталық қазандық пайдалануға берілмек. Су беруде мәселе болған Нұра топтық су құбырында, тиісті жұмыстар атқарылды, бүгін сынақ ретінде су беріп көреді, ал қазандық ертең іске қосылады», - деді Павел Шилов.


Соңғы жаңалықтар