СҚО-да 10 жасар баланың үйден қашуына көрген қорлығы себеп: Жеткіншек балалар үйіне жіберілді

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында екі тәулік бойы іздеуде болып, табылған 10 жасар балаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Бүгінде жасөспірімнің оны асырап алған ерлі-зайыптыдан жәбір көргені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, үйден қашып, екі күннен кейін иесіз үйден табылған баланың денесі көгерген.

Қазір аудандық ауруханада ем алып жатқан баланың жағдайы қанағаттанарлық, өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.

«Денесіндегі жарақаттардың болуы ҚР ҚК-нің 140-бабы 2-бөлігі «кәмелетке толмағанды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамау» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуына негіз болды.

Аудан прокуратурасының мұрындық болуымен патронаттық тәрбиелеу туралы шарт тоқтатылды, кәмелетке толмаған баланы ата-анасының қамқорынсыз қалған жетім балаларға арналған білім мекемесіне орналастыру туралы шешім қабылданды.

Баланы тиісті тәрбиелемеудің бұл дерегі қадағалау органы өкілінің қатысуымен аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері бойынша комиссияда қаралды», - делінген прокуратураның баспасөз хабарламасында.

Бұл іс егжей-тегжейлі тексерілмек. Өкілетті органдар – прокуратура, қамқоршылық орган және білім басқармасы өкілдерінен жұмыс тобы құрылды.

Одан бөлек, облыс прокуратурасы өкілетті органдардың лауазымды тұлғаларының әрекетіне баға бермек.

Бұған дейін СҚО Уәлиханов ауданында 10 жасар бала жоғалып, тек екі тәуліктен кейін ғана аман-есен табылғанын айтқан едік.

Жасөспірім полицияның қызметтік-іздестіру итінің көмегімен бос тұрған үйлердің бірінен табылды.

Осы оқиғаға қатысты СҚО білім басқармасы да түсінік берді.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірім 2017 жылы 3 жасында балалар үйінен отбасына патронаттық тәрбиеге берілген.

30 қаңтар күні патронатты тәрбиешімен патронаттық тәрбие туралы келісімнің күші жойылды.

Сондай-ақ білім басқармасы да істің анық-қанығына жету үшін арнайы комиссия құрды.

Оның қорытындысы бойынша Уәлиханов аудандық қорғаншылық және қамқоршылық органдарының және мектеп ұжымының жұмысына баға берілмек.


Соңғы жаңалықтар