СҚО-да 1 мың га жайылған дала өрті сөндірілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында дала өрті 1 мың гектардан астам алқапқа жайылып, мамандар тілсіз жаумен тоғыз сағат бойы күресті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің хабарлауынша, Тайынша ауданында алқаптың жанып жатқандығы жөнінде хабар 20 қазан сағат 17.30 шамасында СҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Тайынша ауданы Тайынша қаласының № 14 өрт сөндіру бөлімінің байланыс пунктіне түскен. Өрт Тайынша ауданының Жаңадәуір және Амандық ауылдары арасында шыққан екен.

Оқиға орнына дереу Чкалово селосының № 26 өрт сөндіру бекетінің кезекші қарауылы шықты. Өрттің ауқымын көрген олар қосымша күштер мен құралдардың қажеттігін айтып, жергілікті атқарушы органдар, жақын маңдағы шаруашылықтардың өртке қарсы ерікті құралымдары хабарланды. Өрт сөндірушілер «Орлиногор орман шаруашылығы» КММ орманшыларымен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өртті жоюға кірісті.

«Тайыша қаласынан өрт орнына дейінгі ара қашықтық – 110 шақырым, жақын маңдағы Чкалово елдімекенінің өрт сөндіру бекетінен 45 шақырым жатыр. Өртті сөндіру жұмыстарын дауыл күрделендірді. Жақын маңдағы Амандық және Жаңадәуір ауылдарына таралу қаупі болды», - дейді Талғат Уәли.

Өртті сөндіруге Тайынша қаласы № 14 өрт сөндіру бөлімінің, Ақмола облысы «ТЖД ӨСжАҚЖҚ» ММ Зеленый бор кентінің № 25 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қосымша күштері мен құралдары, ауданның орман шаруашылығының мамандары, «Ильичевка Астық» ЖШС, «Бесқарағай» ЖШС ерікті өрт сөндіру жасақтары, жергілікті тұрғындар келді. Өртті жақын маңдағы ауылдарға таралмауы үшін 3 км астам жер жыртылды. Жалпы, 61 адам және 15 техника, соның ішінде өрт сөндіру көліктері, тракторлар, су тасығыштар, қосымша көлік жұмылдырылды.

Өрт тек 22 қазанда сағат 01.00-де ауыздықталып, 02.40-та толығымен сөндірілді.

Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен келтілірген шығын анықталуда. Өрт 1050 гектарды шарпыды.


Соңғы жаңалықтар