СҚО-да 1,5 млн теңгенің астығын ұрламақ болғандардың жолы кесілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицияның мобильді тобы астық ұрлығының үстінен түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімі қызметкерлерінің мобильді тобы шаруашылықтардың бірінің қырманында жарығы өшірілген «КамАЗ» көлігін байқайды.

Жедел уәкілдердің көзінше екі комбайн бункерлерінен машинаға кезекпен астық төккен. Жүк көлігінің жүргізушісі мен екі комбайншы сол жерде ұсталды.

Ал полицейлерді көрісімен-ақ қылмыс орнынан қашып үлгерген шебер-реттеуші және жүк көліктің иесі келесі күні ұсталды.

КамАЗ-ға 10 тоннадан астам бидай артылған. Шығын көлемі 1,5 млн теңгені құрады. Аталған факті «9рлық» бабы бойынша тіркелді.

Күдіктілердің барлығы - Айыртау ауданының тұрғындары. Ұрлық жасағандар бидай тиесілі ЖШС-нің 51, 42 және 26 жастағы жұмысшылары, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Әр ауданда тәжірибелі қызметкерлер – учаскелік инспекторлар, жедел уәкілдер, патрульдік полицейлер бар мобильдік топтар құрылды. Олардың басты міндеті – шаруашылықтарға жаңа астықты ұрлықсыз жинап алуға көмек көрсету. 23 тамыздан бастап облыста «Астық» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Операция егіс науқаны кезеңінде астықтың, жанар-жағармайдың, ауыл шаруашылық техникасының қосалқы бөлшектері ұрлығына жол бермеу және оларды ашу үшін өткізіледі. Полиция қызметкерлері астық тасымалдайтын көліктерді тексереді, мобильдік топтар жергілікті маңызы бар жолдарды патрульдейді. Бұл іс-шара басталғалы тіркелген астық ұрлаудың алғашқы фактісі», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров


Соңғы жаңалықтар