СҚО ботаникалық бағындағы еліктер қорыққа жіберілді

None
Фото: СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ботаникалық бақтағы еліктердің бір бөлігі табиғат аясына жіберілді. Олар мұнда түрлі себеппен жеткізіліп, мамандардың күтімінде болған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, Петропавл ботаникалық бағына өткен жылдың маусым айында еліктің лағы әкелінді.

Оны Қызылжар ауданы Пеньково ауылының маңындағы автомобиль жолының жанында ерлі-зайыпты байқап қалған.

Лақтың анасын көлік соққан екен.

Ботаникалық бақта жануардың төліне қажетті күтім жасалды, орман шаруашылықтары оны қажетті жемшөппен қамтыды, нәтижесінде ол аяғына тұрды.

«Өткен қыста өңірде сібір еліктері толып кетті. Жануарлар елді мекендерге кіріп, орталық көшелерде жүрді. Кейбірі қаңғырған иттер мен браконьерлерге жем болды. Жабайы жануарларды қаланың әртүрлі аудандарында бейнеге түсіріп үлгерді. Петропавл қаласы бойынша ғана адасып немесе жарақаттанып қалған еліктерді көрген тұрғындардан 32 шақырту түсті. Олардың көбі ұсталды. Біршамасы ботаникалық баққа әкелінді. Енді көктің шығуымен біз оларды бостандыққа жіберіп жатырмыз», - дейді басқарма қызметкерлері.

Мамандар Согров мемлекеттік табиғи қорығында орналасқан қарағайлы орманның аумағына үш елікті босатып жіберді.

Оның біреуі - өткен жазда анасы өліп, баққа жеткізілген төл.

«Мамыр-маусым айларында еліктер төлдейді. Осы уақытта олар кейде лақтарын қысқа уақытқа жалғыз қалдырады, бірақ содан кейін оралып, төлдерін оңай табатынын айта кеткен жөн. Сондықтан орманда еліктің лағын көрсеңіздер оларға жақындамай, табиғатты қорғау ұйымына хабарлауыңызды сұраймыз», - дейді басқарма қызметкерлері.


Соңғы жаңалықтар