СҚО биыл өнеркәсіпке 287 млрд теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы жеті айда өнеркәсіп саласын дамытуда оң динамика бар. Жетістікті еселеу мақсатында биыл өңірде бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде жалпы сомасы 237 млрд теңгенің 50 инвестициялық жобасы құрылған. Жүзеге асқан жағдайда қосымша 5 мың жұмыс орны ашылмақ.

«7 айдың қорытындысы бойынша облыста өнеркәсіп саласы 8,8% артты. Бұл көрсеткішті біз ең кемінде 10% жеткізуіміз қажет. Жұмыстар істеліп жатыр. Нәтижесінде Президент қойған міндет – өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің көлемін 1,5 есеге арттыру межесіне бес жылда емес, алдағы үш жылда қол жеткіземіз», - дейді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңірдегі ірі жобалардың бірі - «Tin One Mining» АҚ-ның кен байыту комбинатының құрылысы. Айыртау ауданында салынатын кәсіпорын жылына 10 мың тонна қалайы өндірмек. Жоба құны – 100 млрд теңге. Сондай-ақ вольфрам кен орнын өңдеу жоспарланған.

«Қазақстанда трансформатор шығаратын танымал ALAGEUM ELECTRIC Петропавлда электртехникалық өнім шығармақ. Оның бұйымдары 95% сыртқы нарыққа бағытталған. Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Түріктер ламинатталған фанера өндірісін қолға алады. Зауыт іске қосылғасын жылына 18 мың текше метр өнім шығарады. «Масло Дел», «Молочный союз» секілді ірі кәсіпорындардың жаңғырту жұмыстарынан кейін қуаттылығы артады. Бұл жобалардың барлығы өңірді дамытуға өз үлесін қосады», - дейді облыс әкімі.

СҚО-да шағын және орта бизнес те қарқынды дамып келеді.

«Президент шағын және орта бизнесті дамыту нәтижесінде 2025 жылы олардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 35% жетуі тиіс деді. Жылдың қорытындысы бойынша облыс қазірдің өзінде өңірлер арасында алдыңғы орындарда келеді. Соңғы 5 жылда 6,2% артып, 2019 жылы 31,4% бесінші орынға тұрақтады», - дейді Құмар Ақсақалов.

Жылдың қорытындысы бойынша биыл облысқа 287 млрд теңге тарту жоспарланған. Шағын және орта бизнеске «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламалары аясында қолдау көрсетіліп жатыр.

Соның ішінде кәсіпорындарға қажет инфрақұрылым мемлекет есебінен тартылады.


Соңғы жаңалықтар