СҚО бір қыста 370 мың текше метрге дейін отын жағады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында орман шаруашылықтары биыл отын бағасын өсірген жоқ. Ағаштың текше метрі 2 мың теңгеден саудаланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, өңірде басқармаға қарайтын 12 орман шаруашылығы бар. Бұдан басқа «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық паркінің 3 филиалы жұмыс істейді. Олардың барлығы қысқы маусымға қажет отынды әзірлейді. Бұл шаруашылықтарда ағаштың текше метрі 2 мың теңге. Баға былтырғы деңгейде қалды.

Қызылжар орман шаруашылығы бүгінгі күнге дейін 3 мың текше метр қайың ағашын құлатты. Жұмыс мамыр айында басталған. Отын дайындау қазан айына дейін жалғаспақ.

«Отынға негізінен қызуы жақсы қайың қолданылады. Биыл жоспар бойынша 6 мың текше метр отын әзірлеуіміз қажет. Ол жақын маңдағы Бескөл, Трудовая Нива, Новокаменка және Чапай елді мекендерінің тұрғындарына сатылады. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр», - дейді шаруашылықтың орман шебері Серік Муханов.

Орман шаруашылықтарынан жеке кәсіпкерлер де ағаш жаздырып алып, тұрғындарға дайын отынды сатып жатыр. Олардың бағасы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көтерілген. Текше метрі – 7-8 мың теңге шамасында.

«Жекеменшіктер бағаны өздері қояды. Олар жұмыс күшін, ара қашықтықты, техниканы есепке алады. Биыл қымбаттаған жанар-жағармай да бағаның өсуіне әсер етті.

Жалпы өңірде отынды пайдалану бір деңгейде сақталып отыр. СҚО қыс маусымында 350-370 мың текше метр ағашты отын ретінде қолданады», - дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Қайролла Байтеңізов.


Соңғы жаңалықтар