СҚО Бескөл ауылында өрт шығып, екі газ баллоны жарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылында тұрғын үйдің шаруашылық нысандары өртеніп, өрт сөндірушілер келгенше екі газ баллоны жарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін сағат 9.26 минут кеткенде 101 пультіне Бескөл ауылындағы Лесная-Луговая көшесінде өрт шыққандығы жөнінде хабар түсті. Оқиға орнына №12 өрт сөндіру бөлімшесінің екі техникасы жіберілді. Мамандар келген уақытта үйдің қасындағы уақытша нысан, гаражы мен моншасы отқа оранып үлгеріп, мұндағы екі газ баллоны жарылған. Олардың барлығы бір шатыр астында болған. Осылайша 240 шаршы метр жанып кетті. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Тағы бір өрт кеше Петропавлда болды. Үйлер тығыз орналасқандықтан оқиға орнына бірден үш өрт сөндіру бөлімдерінің мамандары жұмылдырылды.

«Сағат 12.08 минут кеткенде 101 пультіне М.Әуезов көшесі, 82 үйде өрт шыққандығы жөнінде хабар түсті. Жалын жайылмауы үшін өртке екінші деңгей берілді. Өрт сөндірушілер 5 минуттың ішінде жетті, олар келген кезде екі қабатты үйдің шатыры және үйдің кіре берісі отқа оранып үлгерген екен. Жалын 96 шаршы метр аумаққа жайылды. Алдын ала болжам бойынша, өрт пешті дұрыс қолданбаудан шыққан. Зардап шеккендер жоқ, өрт сағат 13.22 минут кеткенде толық сөндірілді», - дейді СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Орал Әбдірахманов.

Жалпы, жыл басынан облыста 600-ге жуық өрт тіркеліп, отта 41 адам қаза тапты, 37 адам түрлі дене жарақатын алды. Тағы 6 адам улы газдан уланып көз жұмса, 15 адам жарақаттанды. Өрттен келген материалдық залал – 229 млн теңге шамасында.


Соңғы жаңалықтар