СҚО Айыртау ауданында сүт фермасы іске қосылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында жаңа сүт фермасы ашылды, бұл – өңірде соңғы уақытта ашылған осымен 12-ші ферма, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Айыртау ауданында іске қосылған ферманың жұмысын көрді.

«Облыстың барлық ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері етті немесе сүтті мал өсіруді қолға алуы керек. Бұл жергілікті атқарушы билік пен фермерлерге ортақ міндет. Жобаларды жүзеге асыруға мемлекеттен үлкен қолдау бар. Бірлескен жұмыс өз нәтижесін қазірден беріп жатыр», - дейді өңір басшысы.

Соңғы уақытта облыста 12 заманауи сүт фермасы пайдалануға берілді. Солардың бірі кеше ғана Айыртау ауданындағы «Арна» фермерлік шаруашылығында ашылды.

«Бүгінде сүт өндіру табысты бизнестердің бірі. Облыстың әлеуеті жоғары. Республикадан сүт фермаларын салуға, осы саланы дамытуға биыл да қаржы бөлінеді. Жаңа жыл қарсаңында республикалық бюджеттік комиссия кешенді жоспардың екінші кезеңін қабылдады. Яғни өңірде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Бұл біз үшін аса маңызды. Нәтижесінде қосымша жұмыс орындары пайда болады, салық түседі, сүт өңдейтін кәсіпорындарға шикізат болады және экспортқа шығаруға мүмкіндік аламыз. Табиғи өнімге сұраныс қашан да жоғары», - деді Құмар Ақсақалов.

Қазір СҚО-да 6 сүт кешенінің құрылысы жалғасуда. Биыл тағы 10 ферманың құрылысы басталады.

Өңірде мал етін де көптеп өндіру жоспарланған. Осы мақсатта облыста үш ірі бордақылау алаңы салынуы тиіс. Солардың бірі Қызылжар ауданында іске қосылды. Тағы екеуі Уәлиханов және Ақжар аудандарында салынып жатыр. Олар 13 мың басқа шақталған. Жоба аясында асыл тұқымды мал әкелінді.


Соңғы жаңалықтар