СҚО айып тұрағында Ресейден ұрланған 7 машина тұр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 151 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның 42-сі шетелдік тіркеудегі көліктердің қатысуымен болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шетелдік тіркеудегі көліктерді көпке дейін жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын қадағалайтын автоматтандырылған құрал тіркей алмаған.

Деректер базасын біріктірудің арқасында енді бұл көліктердің жүргізушілері жасаған заңбұзушылықтарды интелектуалды бейнебақылау жүйесі қадағалай алады.

Мәселен, биыл Петропавлда ресейлік тіркеудегі көлік жүргізушілері тарапынан 1475 заңбұзушылық анықталды.

«Шетелден әкелінген бірнеше машина тиісті құжаттарсыз сатып алынғандар немесе оның бұрынғы иесі көлікті тіркеуден шығарған. Елімізде ешқайда тіркеуде жоқ көлікті мінуге тыйым салынған. Мұндай көлігі барлар қажетті құжаттарды қалпына келтіргені жөн», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.

Шетелде ұрланған көліктерді елімізде пайдаланған қазақстандықтар машинадан айырылады.

Бүгінде СҚО-да қылмыстық істердің қозғалуына байланысты іздеуде болған ресейлік 7 көлік айып тұрағына қойылды.

«Аққайың ауданында 2019 жылдан бері ұрланғандар қатарында болған көлік табылды. Nissan Qashqai көлігі ресейлік әріптестеріміз жіберген бағдар бойынша анықталды. Айып тұрағына қойылған көліктердің барлығы қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін шетелге қайтарылады. Оларды тексермей сатып алған қазақстандықтарға заң бойынша ешқандай өтемақы қарастырылмаған», - дейді Серік Әлжанов.


Соңғы жаңалықтар