СҚО ауылында үйірдегі жылқы тұмаумен ауырды – әкім

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы үйірдегі мал жылқы тұмауымен ауырған болып шықты. Бұл туралы осы ауданның әкімі брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте СҚО Есіл ауданының әкімі Медет Оспанов атқарылған жұмыстарды қорытындылап, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

Журналистер осы ауданның Чириковка елді мекенінде үйірде ауырған жылқылардың жайын сұрады.

«Екі апта бұрын бір жылқы өлген. Ол жайында бізге хабарламаған. Жылқышылар иесін хабардар етіп, екі жақ өзара келіскен. Оның неден өлгені белгісіз, біз өлексесін көрген жоқпыз. Жылқы ауырып жатыр деген хабар жетісімен оқиға орнына бардық, ветеринарлар малдан сараптама алып, Нұр-Сұлтан қаласына ветеринарияның ұлттық референт орталығына жіберді. Мал жылқы тұмауымен ауырып жатыр», - дейді Медет Оспанов.

Чириковка елді мекені маңында бағылып жүрген үйірде 380 жылқы бар.

Аудан әкімінің айтуынша, бәрі бірдей ауырып жатқан жоқ, арасында он шақтысы ғана жөтеліп, танауынан су аққан.

«Біз жылқы иелерін жинап, сөйлестік. Тұрғындар өз қаражатына антибиотик алды. Үйір басында бекет құрып, ветеринарлар малға екпе жасады. Басқа округтерге, ауылдарға хабарластық, оларда ауру тіркелген жоқ», - дейді аудан әкімі.


Соңғы жаңалықтар