СҚО ауылында кәсіпкер мен жергілікті әкімдік жерге таласып жатыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы әкімдігі шаруа қожалығынан 290 га жайылымдық жерді алып қоймақ. Мамандардың айтуынша, жергілікті биліктің бұл әрекеті – заңға қайшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Есіл ауданының тұрғыны, «Арыстан» шаруа қожалығының жетекшісі Қаламқас Дәулетова өңірлік кәсіпкерлер палатасына шағымданған.

Отбасы оңтүстіктен қоныс аударған.

2019 жылы олар ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер учаскесін аукцион арқылы жалға алады, ал былтыр жергілікті әкімдік 290 га қайтарып алуға шешім шығарған.

Бұл мәселе кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында талқыланды.

«Өткен жылдың 20 желтоқсанында Есіл ауданы әкімдігінің №319 қаулысымен Петровка ауылы тұрғындарының малы жайылуы үшін «Арыстан» шаруа қожалығының жерін мәжбүрлі түрде қайтару жұмысы басталды. ҚР Жер кодексінің 84-бабына сәйкес жер учаскесі мемлекеттік қажеттер үшін сатып алу немесе жекеменшік иесінің келісімімен тең құнды басқа жер учаскесін беру арқылы алынады. Сондай-ақ сот шешімі бойынша мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылуы мүмкін», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бөлімінің бастығы Айдос Кеңбейілов.

Ауыл тұрғындарының қажеттілігін өтеу үшін бұл учаске Есіл ауданының жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарына енгізілуі керек, сонымен қатар жеке қосымшада жайылымдардың барлық шекаралары мен ауданы картада көрсетілуі тиіс.

Бірақ жоспарға ол енгізілмеген.

«Бір жарым жыл бұрын біз «Еңбек» бағдарламасымен оңтүстіктен солтүстікке көштік. Бұл жер учаскесін аукционнан 6 жылға жалға алдық, ал техника мен мал несиеге алынды. Шаруа қожалығы 5 адамды тұрақты жұмысқа қамтып отыр, олардың орташа жалақысы - 170 мың теңге. Біз барлық міндеттемелерді орындап келеміз. Ауыл тұрғындарына арзан бағамен шөп береміз. Біз сиыр етін сатуды жоспарлап отырмыз, бірақ бізге жұмыс істеуге мүмкіндік бермей жатыр», - дейді «Арыстан» ШҚ өкілі Азамат Әбдірахманов.

Есіл аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Евгений Губаның айтуынша, былтыр мамыр айында Петровка ауылы тұрғындарының бірі аудан әкіміне мал жаюға арналған жайылымдық жерлердің жоқтығын айтқан.

«Біз округтегі жайылымдық жерлерді көрсеттік. Арызданған адам келісті. Бірақ жылдың соңына қарай тұрғындар бүлік шығарып, облыс прокуратурасына арызданды. Ауылдық округ әкімі тұрғындардың жиынын өткізіп, онда осы учаскені алып қою туралы шешім қабылданды, тиісті қызметтік жазба аудан әкіміне жіберілді. Бұдан әрі облыс әкімдігі әзірлеген Жол картасы негізінде біз жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою рәсімін бастадық. Осыдан кейін кәсіпкер прокуратураға біздің үстімізден арызданды. Алып қою рәсімі 2023 жылғы 10 маусымда басталады, яғни, бізге осы учаскені жайылым жерлер жоспарына енгізуге уақыт бар. Аудан әкімдігі кәсіпкерге баламалы учаске бере алмайды, бірақ өтемақыны өтеуге дайын», - дейді Евгений Губа.

Отырысқа қатысқан облыстық жер инспекциясының өкілдері өз кезегінде аталған факті бойынша шаруа қожалығының жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы қаулының күшін жою жөнінде аудан әкімдігінің атына ұйғарым берілгенін атап өтті.

Ал Есіл ауданының әкімдігі бұл ұйғарымға сот тәртібімен шағымдануға ниетті.

Жиын соңында аудан әкімдігіне жерді мәжбүрлеп алып қою туралы заңсыз қаулының күшін жоюды және заңнамаға сәйкес әрекет етуді ұсыну туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ, кеңес мүшелері кінәлі лауазымды тұлғаларды жер заңнамасын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынды.


Соңғы жаңалықтар