СҚО ауылдарындағы көпқабатты үйлер орталық жылу жүйесіне қосылып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл ауылдардағы 57 көп қабатты үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Қызылжар ауданында болып, сапары барысында аудан орталығы – Бекөл ауылындағы көп қабатты үйлерді жылуға қосу бойынша жөндеу жұмыстарының қорытындысын шығарды. Өңір басшысы Ольга Склярованың пәтеріне барды. Бұл туралы Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Ольга Валентиновна Бескөл ауылындағы көп қабатты үйде тұрады. Ол қысқа таман отын, көмір сатып алып, пеш жағатын. Енді бұл келмеске кетті. Былтыр көп қабатты үй орталық жылу жүйесіне қосылды. Бұл отбасының бюджетіне айтарлықтай үнем әкелді, пәтер жылы әрі таза», - деп жазды СҚО әкімі.

Бескөлдегі орталық қазандық жаңартылып, жылу құбырлары жөнделді. Осылайша тұрғындарының көпшілігі тұрмыстық жағдайларын жақсартты. Бұрын үш бөлмелі пәтерді жылыту үшін олар бір қыста отын-көмірге 120 мың теңге жұмсайтын. Ал орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылудың нәтижесінде енді 7 айға 60 мың теңге төлемек.

2 жыл ішінде мұндағы 85 көп қабатты үйдің 56-сы орталықтандырылған жылуға қосылды. Қалғаныны келесі жылы тартылады. Сонымен қатар 20 әлеуметтік нысан, 20 жеке үй және 4 дүкен жылу жүйесіне қосылды. Қазір аудан орталығында 800 абонент бар.

Екінші жылу желісі Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданында салынып, 100 жеке үй мен мектепті жылумен қамтамасыз етеді.

«Өткен жылдың соңында біз аудан орталықтарындағы 53 көпқабатты үйді жылуға қосуды жоспарладық. Іс жүзінде Бескөл, Сергеевка және Явленкада 57 көп қабатты үй қосылды. Ал бұл үйлерде 2,1 мың ауыл тұрғыны тұрып жатыр, олар атқарылған жұмыстың нәтижесін бағалап үлгерді», - деді Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы келер жылы аудандардағы көп қабатты үйлерді жылуға қосу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар