СҚО аудандарында жем-шөп дайындау мәселелері бойынша жедел штабтар құрылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына қыстан қысылмау үшін шөптің ғана 850 мың тоннасы қажет, осы күнге дейін оның 68 пайызы әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Талғат Наурызбаевтың айтуынша, өңірде 390 мың ірі қара мал, 400 мың ұсақ мал және 103 мың жылқы бар. Қыстан қысылмай шығу үшін 850 мың тонна шөп, 793 мың тонна сабан, 765 мың тонна жемазық және 190 мың тонна сүрлем қажет. Қазірдің өзінде қажетті шөптің 68 %-ы жиналды.

«Бағаға жүйелі түрде мониторинг жүргізіп отырамыз. Тұрғындарды арзан шөппен қамту мақсатында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып жатыр. 250 шаруашылық қатысқан 29 жәрмеңке өтті. 881 тонна шөп сатылды. Тоннасы 15 мың теңге. 186 тонна жем және 42 тонна кебек саудаланды», - дейді Талғат Наурызбаев.

СҚО-да мұндай жәрмеңкелерде кебектің тоннасы 20-45 мың теңге, жемазық 40-50 мың теңгеден саудалануда.

«Облыс аудандарында қысқа қажет шем-шөпті керекті мөлшерде әзірлеп алу мақсатында жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Олар осы мәселеге қатысты үйлестіріп отырады. Қазір шабындықтарда 1200-дей бригада жүр. Олар негізінен қажетті техникасы бар және жұмыссыз жүрген ауыл тұрғындарынан құрылған.

Бұдан басқа мемлекеттің қолдауын көріп отырған шаруашылықтармен меморандумдар жасалды. Олар ауыл тұрғындарына жем-шөпті нарықтағы бағадан төменге сататын болады. Сондай-ақ агроқұрылымдар пай есебінен де қамтамасыз етеді, өз жұмысшыларын да назардан тыс қалдырмайды», - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Талғат Наурызбаевтың айтуынша, облыста жұрт дүрлігіп, жаппай малдарын сойып жатқан жоқ. Оған негіз жоқ. Шөп шабылып жатыр, егін орағы басталысымен сабан, жем болады.

«Керісінше, өңірде мал басының көбейгенін көреміз. Мәселен ірі қара мал 3,5 %-ға, қой-ешкі 3,3 %-ға, жылқы 2 % -ға көбейген. Бұл шаруашылықтардағы

өсім. Тұрғындардың қораларындағы мал саны да бірнеше пайызға артқан», - дейді Талғат Наурызбаев.


Соңғы жаңалықтар