СҚО: Археологтар Алтын Орда дәуіріне жататын 7 көне мазардың орнын тапты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында археологтар тарихи маңызы бар көне мазарлардың орнын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Уәлиханов ауданындағы Сілеті өзенінің бойында XIV – XV ғасырларға жататын көне мазарлардың орны табылды. Бұл жерде қыркүйек айынан бері М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің тарихшылары қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан болатын. Еңбектері еш кетпей, өткеннен мол ақпар беретін құнды жәдігерлердің үстінен түсті.

«Біз Алтын Орда кезеңіне жататын ескеркіштер мен жәдігерлерді тауып, зерттеу мақсатында экспедицияға шыққан болатынбыз. Дәл осы Сілеті өзенінің жағасында тарихи ескерткіштердің болғаны жайлы көптеген отандық зерттеушілер жазып кеткен. Соладың бірі - Әлихан Бөкейханов. Ол осы аумақта сырлы кірпіштен тұрғызылған нысанның барын айтқан. Әлкей Марғұлан да осы ескерткішке қатысты талай жазба қалдырған», - дейді қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археолог, «Margulan centre» орталығының директоры Тимур Смағұлов.

Көне кесенелердің орнын еліміздегі атақты археологтар ашып отыр. Солардың бірі - Тимур Смағұлов. Ол - танымал ғалым, орта ғасырлар бойынша маман. Әлемге танылған «Үржар ханшайымы» тарихи жәдігерін тапқан. Ал Анатолий Плешаков – солтүстікқазақстандық профессор, Ботай мәдениетін ашушылардың бірі.

Жарты айдың ішінде 100 шаршы метр аумақ аршылды. Мамандардың болжамынша, жалпы 1000 шаршы метр жерді алып жатыр. Қазірдің өзінде экспедиция мүшелері түрлі жәдігерлерді тапты. Ішінде алтын бұйымдар да бар.

Табылған тарихи ескерткіш жайында СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Instagram желісіндегі парақшасында жазды.

«Археология әлемінен тарихи жаңалық жетті. Уәлиханов ауданында археологтар XIV ғасырдағы 7 кесененің үйінділерін тапты. Ғалымдардың болжауынша, Алтын Орда дәуірінің мазарлары Жошы хан әулетінің өкілдеріне тиесілі. Алтын әшекей бұйымдары, кірпішті күйдіру пештері мен шеберханалар, арықтар мен керамикалық ыдыстардың қалдықтары да табылды. Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында бұл оқиға рухани және мәдени маңызға ие», - деп жазды Құмар Ақсақалов.

Бұл жаңалық белгілі ғалым Әлкей Марғұланның еліміздің солтүстігінде қала мәдениетінің бар екені туралы болжамын дәлелдеп отыр.

Соңғы жаңалықтар