СҚО әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 50 млн теңге қарыз

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 50 млн теңгеге жуық ақша қарыз. Оның 43,5 млн теңгесі — 509 заңды тұлғаның берешегі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыру жөніндегі аймақтық штабтың отырысы өтті. Штаб жұмысы барысында СҚО-да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыру мәселелері қаралды.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні облыста 102 072 адам сақтандырылмаған. Оның ішінде 28 072 адам немесе өңір тұрғындарының 27% міндетті медициналық сақтандыруға бір де төлем жасамаған.

«16 130 адам міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен шығарылды. Маусымдық жұмысшылар жұмыстан бос уақытында да төлемді өз бетінше жүргізуі керек. Сақтандыру жүйесінен шығарылуының екінші себебі - бірыңғай жиынтық төлемдерін уақтылы төлемеу. «Сақтандырылған» мәртебесі келесі айға төлем жасалған сәттен басталады, яғни, сәуірге төлем жасасаңыз, сіз тек сәуірге сақтандырылдыңыз. Мамыр айында сіз төлемді төлеген күннен бастап сақтандырыласыз. Сондықтан, бірыңғай жиынтық төлемді ай сайын немесе тоқсан сайын төлеу ұсынылады», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» СҚО филиалының директоры Лариса Гордеева.

СҚО мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметі бойынша, өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қарыз 48 млн 972 мың теңгені құрады, оның ішінде 509 заңды тұлға 43 млн 587 мың теңге, субъектілер мен 1 446 жеке кәсіпкер 5 млн 315 мың теңге берешек.

«Айыртау, Тайынша, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандар қорға қарыз бойынша алда тұр. Сақтандырылмаған азаматтар жоспарлы, стационарлық көмек ала алмайды, сондай-ақ емханаларда консультациялық-диагностикалық көмектен қағылады, тестілеуден өте алмайды және қымбат тұратын КТ, МРТ, ультрадыбыс тексерістер олар үшін ақылы болмақ», - дейді Лариса Гордеева.


Соңғы жаңалықтар