СҚО АҚШ-тың аграрлық саладағы үздік технологияларын енгізуге мүдделі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Уильям Мозермен кездесіп, серіктестік мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында ауыл шаруашылығы тақырыбына, аграрлық техника жасау, өнімді қайта өңдеуге баса назар аударылды.

«Біздің жеріміз құнарлы, осы ерекшелігін дұрыс пайдаланған жағдайда жақсы өнім алуға болады. Облыстың әлеуеті жоғары, оны үздік технологияларды енгізу, білікті кадрларды жұмысқа тарту арқылы дамыту қажет. Ғылым бір орында тұрмайды, біз агроөнеркәсіп кешеніндегі заманауи үрдіске ілесіп отыруымыз қажет. Өңірде жаңа технологияларды, техниканы қолдану, мамандарды арнайы дайындықтан өткізу ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттырады», - деді Құмар Ақсақалов.

АҚШ елшісі Уильям Мозердің пікірінше, екі жақты қарым-қатынастың болашағы зор.

«Солтүстік Қазақстан облысы бізді ерекше қызықтырады. Өйткені, еліміздегі Дакота сияқты штаттармен климат жағынан өте ұқсас. Біздің шаруалардың жермен жұмыс істеуде тәжірибесі жоғары. Өзіміздің үздік технологияларды сіздерде енгізуге әбден болады. Бірлескен бизнес жобаларды жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетеміз», - деді АҚШ елшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының АҚШ-пен қарым-қатынасы дамып келеді. Өңірде америкалық ауыл шаруашылығы техникасы үлкен сұранысқа ие. Биылғы жылдан бастап АҚШ-қа солтүстікқазақстандық кілегей экспортталады. Гуманитарлық салада да байланыс орнаған.

Соңғы жаңалықтар