СҚО: Ақпанда 1 мыңнан астам адам COVID-19-ға қарсы екпе алады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы екпе бірінші кезекте медицина қызметкерлеріне жасалады. Ақпан айында 1 мыңнан астам адамға вакцина егіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде 17 пункт COVID-19-ға қарсы вакцина егуге дайындалған. Оның төртеуі Петропавлда, қалғандары аудан орталықтарында орналасқан. Осылайша тек ақпан айында ғана өңірдің мыңнан астам тұрғынына екпе егілмек. Бірінші кезекте вакцинаны медицина қызметкерлері алады.

«СҚО-да коронавирус инфекциясына қарсы вакцинацияға дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Барлық емханаларда вакцинация пунктері ашылды.

Медицина қызметкерлері толық дайындықтан өтті. Ресейлік «Спутник V» вакцинасы егілмек», - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әсем Қанғожина.

СҚО-да бір аптаның ішінде коронавирусты жұқтырғандар саны 1,7 есе артты.

Инфекциялық стационарлар бүгінде 45 %-ға толған. Жалпы облыста КВИ жұқтырудың 10658 жағдайы тіркелді. 9700-ден астам адам жазылып шықса, 42 адам қайтыс болды.


Соңғы жаңалықтар