СҚО әкімінің бес орынбасарының екеуі қысқартылды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы әкімі орынбасарларының екеуі қысқартуға ілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша және Үкімет қаулысына сәйкес СҚО әкімі орынбасарларының екі штаттық бірлігі қысқартылды. Атап айтсақ, Ғани Сақтағанұлы Нығыметов және Тимур Сламжанұлы Сұлтанғазиев қызметтерінен босатылды. Қазіргі таңда облыс әкімінде 3 орынбасар бар.

Ғани Нығыметов 1983 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін халықаралық қатынастар, АҚШ-тағы Монтерей халықаралық зерттеулер институтын мемлекеттік басқару магистрі, сондай-ақ Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебін іскерлік әкімшілік магистрі мамандықтары бойынша бітірген. Гарвард университетінің Кеннеди атындағы Басқару мектебінде, Сингапурдың Ұлттық университетінде басшылар үшін біліктілікті арттыру курсынан өтті. «Болашақ» бағдарламасының түлегі.

2020 жылдың мамырынан СҚО әкімінің орынбасары болып еңбек етті. Ішкі саясат, білім беру, спорт, мәдениет, дін салаларына жетекшілік етті.

Тимур Сұлтанғазиев 1982 жылы туған. Қазақ ұлттық медицина университетiн және АҚШ-тағы Тюлейн университетiн бiтiрген.

СҚО әкімінің орынбасары болып 2021 жылдың желтоқсан айында тағайындалған еді. Тимур Сламжанұлы облыстың әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау салаларына және еңбек инспекциясына жетекшілік етті.

Әкімнің экс-орынбасарлары басқа қандай қызметке тағайындалғаны әзірге айтылған жоқ.


Соңғы жаңалықтар