СҚО әкімі селқос шаруалардан жерді тартып алуды тапсырды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов ауылшаруашылық жерлерінің тиімді пайдаланылуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға талдау жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл шаруашылығы жұмысшылары күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада өңір басшысы саладағы жетістіктермен қатар кемшіліктерді де атап көрсетті. Жерді тиімді пайдалану мәселесі де - соның қатарында.

Қ. Ақсақалов гектарынан 10 центнер де өнім ала алмаған кейбір агроқұрылымдарға назар аударды. Әкім оның себебі мемлекеттік қолдау тетіктерін дұрыс пайдаланбау, жұмыс жағдайларының болмауы және ауыл адамының алдындағы жауапкершілікті сезінбеу екеніне сенімді.

«Жерді тиімді пайдаланбау мәселесі биыл аса өткір болып тұр. Аудан әкімдері мен тиісті құрылымдарға жердің тиімді пайдаланылуын қадағалауды тапсырамын. Нашар жұмыс істеп жатқандардан жерді тартып алып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жатқандарға береміз. Әр гектардан 7-8 центнер өнім алған соң, ешқандай табыс та, даму болмайды», - деді Қ. Ақсақалов.


Әкім өңірдегі жердің құнарлы екенін, облыс ауыл шаруашылығында көптеген көрсеткіштер бойынша көшбасшы болып отырғанын айтты. Бүкіл республикадағы ауылшаруашылық өнімдерінің 12%-ын Солтүстік Қазақстан облысы береді, бұдан тыс, өңірде елдегі астық дақылдарының 25%-ы, майлы дақылдардың 40%-ы  өсіріледі.

Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 10 айда 464 млрд теңгені құрады. Ал агроөнеркәсіп кешеніне 64 млрд теңге инвестиция салынды. Диқандар 5,3 млн тонна астық бастырып, әр гектардан орташа 18,2-ден 19 центнерге дейін өнім жинады.

Салтанатты шарада Құмар Ақсақалов сала озаттарына грамоталар табыстады.

Соңғы жаңалықтар