СҚО әкімі Петропавл тұрғындары қашан жылумен толық қамтылатынын айтты

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлдағы жылу-электр орталығындағы апатқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, кешке дейін Петропавлдағы тұрғын үйлер жылумен толық қамтылады.

«Мемлекет басшысы қысқа уақытта Петропавл тұрғындарын жылумен қамтуды тапсырды. Кешегі апатқа дейін 4 қазандық агрегаты жұмыс істеді. Апаттың салдарынан екеуі істен шықты. Түні бойы орталықта екі қазандық қана жұмыс істеді. Бүгін таңертең үшінші қазандық қосылды. Түстен кейін тағы біреуі жұмыс істей бастайды. Осылайша, кешке қарай барлық төрт қазандық агрегаты қалалықтарды жылумен қамтиды, яғни орталық апатқа дейінгі жағдайда жұмыс істейді», - деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімінің айтуынша, қазір мұржа құлаған жерде іздестіру және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Кеше апат болған кезде ол жерде бір адам жұмыс істеген. Қазір жұмысшы іздестіріліп жатыр. Басқа зардап шеккендер жоқ.

«Арнайы комиссия құрылды. Ол тергеу жүргізіп, апат себебін анықтайды. Комиссия құрамына әкімдік қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері және тиісті мамандар кірді. Оның нәтижесін біз кейін айтамыз. Тағы да құлай ма, жоқ па, қазір қарап жатырмыз, мамандар қорытындысын шығарады. Ауруханаларға, жалпы, әлеуметтік нысандарға қазіргі уақытта жылу жеткілікті дәрежеде беріліп жатыр. Кешке дейін тұрғын үйлер тиісті деңгейде жылумен қамтылады», - деді Құмар Ақсақалов.

Еске сала кетейік, Петропавлда жылу электр орталығының бір мұржасы құлады.

Орталықтағы апатқа байланыста қылмыстық іс қозғалды.

Жұмысшылардың біреуі табылмай жатыр.

ЖЭО-дағы түтін мұржасының жартылай құлауына байланысты облыс әкімі жедел штаб құрды.

Осы оқиға бойынша Президент облыс орталығы мен басқа да елді мекендердің тұрғындарын тез арада жылумен қамтамасыз етуді тапсырды.



Соңғы жаңалықтар