СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Самал Еслямованың туыстарын құттықтады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Самал Еслямованың туыстарын құттықтап, актрисаға құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, облыс әкімі құттықтауында Самал Еслямова бүкіл республикамен қоса Солтүстік Қазақстан облысының да абыройын асырғанын айтқан.

«Өз атымнан және бүкіл солтүстікқазақстандықтардың атынан Сіздерді және Самалды осынау маңызды жеңісімен құттықтаймын! Жерлесіміздің тамаша сомдаған рөлі әлемдегі ең беделді кинофестивальдардың бірінің қазылар алқасын тамсандырды. Самал құт дарыған Солтүстік Қазақстан жерінде шығармашылық иесі ретінде өсіп-өнді. Ол осында туып-өсті, тәрбиеленді, мектепте, өнер колледжінде оқыды, театрда ойнады», - деді Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы бүгін отандық киноиндустрия жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, бұл ретте Самал сынды талант иелерінің еңбегі мол екенін айтты.

Еске сала кетейік, ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» атты картинасында басты рөлді сомдаған қазақстандық актриса Самал Еслямова 71-ші Канн кинофестивалінде өз аталымы бойынша үздік деп танылған болатын.

Соңғы жаңалықтар