СҚО әкімі: Халықтың әл-ауқатын жақсарту - шаруаларға ортақ міндет

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының Заградовка елді мекенінде облыс басшылығы, серіктестік иелері және аудан әкімдері жиналып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру міндеттерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Есіл ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов Заградовка ауылында салынып жатқан нысандардың құрылысымен танысып, 200-ге жуық ауыл шаруашылық құрылымдарының басшылары қатысқан жиын өткізді.

Заградовка - СҚО-дағы ісі өрге домалаған үлгілі ауылдардың бірі. Оның бәрі еңбекқор шаруалар Иван Фисенко мен Юрий Шольдің арқасы. Кәсіпкерлер ауыл шаруашылығын дамытып қана қоймай, елдімекеннің көркеюіне де зор үлес қосып келеді. Мәселен, 2 жыл бұрын «Заградовское» ЖШС өз қаражатына ауылға фельдшерлік-акушерлік пункт салып, медициналық қондырғы қойды. Ауылда тіс дәрігері де жұмыс істейді. «Прометей-агро» серіктестігі жабық хоккей кортын салып, жуырда демалыс орталығының құрылысын аяқтамақ. Кәсіпкерлер жұмысшыларына 8 жаңа үй тұрғызуда.
null

Аудан әкімдері мен серіктестік басшыларына ауыл бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Қазір елді мекенде 400 ірі қараға арналған заманауи сүт-тауар фермасы салынуда. Жуырда сұйық минералды тыңайтқыштар шығаратын цех іске қосылады. Қонақтарға Солтүстік Қазақстанда жасалған бірінші биоқазандық та көрсетілді. Қазір ауылдағы бүкіл үйлер автономды жылыту жүйесіне қосылған.

Заградовкада облыс әкімі аграрийлермен жиналыс өткізді. Аудандардан 200 жуық серіктестік басшылары келді. Барлығына міндет айқын: халықтың әл-ауқатын жақсартып, әлеуметтік мәселелерді шешу.

«Біз Заградовка ауылына әдейі келдік. Серіктестік басшылары Иван Фисенко мен Юрий Шольдың қалай жұмыс істеп жатқанын көрсін дедік. Мен бұл кісілерге алғыс айтамын. Олар өз жұмысшыларына және тұрғындарға бар жағдайды жасауда. Адамдар ауылдан кетіп жатқан жоқ, керісінше осында ұмтылуда. Өйткені, жоғары табысты жұмыс бар, баспанамен қамтамасыз етілген, әлеуметтік инфрақұрылым жасалған», - деді Құмар Ақсақалов.

Бүгінде өңір халқының 54% ауылды жерлерде тұрады. Мемлекеттен кәсіпкерлерге бар жағдай жасалуда, өз кезегінде серіктестік басшылары да тұрғындардың жағдайын жасап, ауылдың дамуына үлес қосулары керек. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жиналған фермерлерді осындай серіктестіктерден үлгі алуға шақырды.
null

Соңғы жаңалықтар