СҚО әкімі Азия ойындарының жеңімпаздарын марапаттады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Индонезияның Джакарта қаласында өткен ХVIII Азия ойындарының жеңімпаздарымен кездесіп, ақшалай сыйақы табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Индонезияның Джакарта қаласында өткен ХVIII Азия ойындарына Солтүстік Қазақстан облысынан 12 спортшы аттанып, 6 медальмен оралған болатын. Оның екеуі -алтын, біреуі - күміс, үшеуі - қола жүлде. Солтүстікқазақстандық жеңілатлетшілер  Пара Азия ойындарында екі қола жүлдеге ие болды.

Велошабандоз Алексей Луценко - 2 алтын медальдің иегері, ол командалық және жеке жарыста жеңіске жетті. Сондай-ақ, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Алексей Луценко Азияның үздік велошабандозы атанды.

Жеңіл атлетші, Азия ойындарының 4 дүркін жүлдегері Маргарита Мукашева Джакартадан күміс медальмен оралды.  Баласы бірге енді ғана толған Маргарита үлкен спортқа оралып, жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Тағы бір қола жүлде - жеңіл атлетші Михайл Литвиндікі.

Пара Азия ойындарының ең ересек спортшысы, 47 жастағы Сергей Харламов ұзындыққа секіруден қола медальды жеңіп алды. Қазақстандық спортшылардың қоржынына тағы бір қол жүлдені  ядро лақтырудан Иван Залезняк салды.

«Біз сіздердің жеңіске оңайлықпен жетпегендеріңізді жақсы түсінеміз. Бұл - күнделікті орасан еңбек, жаттығулар, әрі сіздерге жеңіске жету жолында көптеген нәрселерден бас тартуға тура келеді. Сондай-ақ, жаттықтырушыларыңыз бен сіздерге сенген отбасыларыңыздың да еңбегін атап өтер едім. Спортты, соның ішінде бұқаралық спортты дамытуда облыста бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Жақында теннис орталығын аштық, Петропавлда ғана емес, аудандарда дене шынықтыру нысандары салынып жатыр. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын табады»,-деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов спортшылермен кездесуде.

Азия ойындарында жақсы көрсеткішке қол жеткізген Алексей Луценко 1 млн теңгемен, Маргарита Мукашева 500 мың теңгемен, қола жүлдегерлер Михаил Литвин, Сергей Харламов, Иван Залезняк  300 мың теңгемен  және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Спортшылардың жаттықтырушылары да 500-200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақыға ие болды. 

Автор: Ақерке Қабыкеева

Соңғы жаңалықтар