«СК-Фармация» компаниясы отандық 5 фармацевтика компаниясымен ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды

None
None
АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін «СК-Фармация» компаниясы отандық 5 фармацевтика компаниямен тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды.

Бірегей дистрибьютормен еліміздің жетекші компаниялары, атап айтқанда «Глобал Фарм» БК, «Ромат» ФК, Павлодар фармацевтикалық зауыты, «Нобел» Алматы фармацевтикалық фабрикасы және Қарағанды фармацевтикалық кешені келісімге келді.

Шара барысында кез-келген жаңа кәсіпорын үшін өз өнімін кепілді өткізуі өте күрделі проблемалардың бірі екендігін атап өткен «Ромат» компаниясының президенті Тұрарбек Рақыш «СК-Фармация» компаниясы біздің өнімдеріміздің 30 пайызын сатып алайын деп отыр. Бұл өте үлкен көмек. Осыған орай біз қосымша 120 түрлі дәрі-дәрмек шығармақ ниетіміз бар. Бұған дейін дәрілердің 150-ден астам түрін шығаратынбыз. Жалпы халықаралық танымал фармацевтикалық компаниялардың қоржыны 200-300 дәрі-дәрмекті құрайды», дейді ол.

Шара барысында сөз алған «ФармМедИндустрия» Қазақстан фармацевтикалық және медициналық өнімдер шығарушылар қауымдастығы» ұйымының президенті Серік Сұлтанов бұл мемлекет тарапынан беріліп отырған қайырымдылық шара еместігін атап өтті. «Бүгіннен бастап кәсіпорын өзіне үлкен міндеттер алады. 3 әрі кеткенде 4 жылдың ішінде олар жаңа зауыттар салып, қайта құрылымдау жүргізумен қатар GMP стандартын алулары керек. Бұл стандартсыз келісім күшіне енбейді», деді ол.

Бүгінгі келісімге сәйкес еліміздің компаниялары 7 жылдың ішінде тиісті өндірістік тәжірибе стандарттарына (GMP) сәйкес өздерінің өндіріс орындарын жаңғыртып, жаңа фармацевтикалық өндіріс орындарын салуы қажет.

Соңғы жаңалықтар