«Сізге әлеуметтік төлем тиесілі»: Алаяқтықтың тағы бір түрі шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда сақшылары көпбалалы аналарды алдаумен айналысып келген топтың үстінен тергеу бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, көпбалалы аналарды әлеуметтік төлем туралы жалған хабармен алдап келген Шымкент қаласының екі тұрғынын ұсталған.

24 жастағы жігіт пен қыз елорда тұрғындарына қоңырау шалып, өздерін Халыққа қызмет көрсету орталығының әлеуметтік төлемдер бөлімінің қызметкері ретінде таныстырып отырған. Сенімге кіргеннен кейін олар мемлекет көпбалалы аналарға әлеуметтік төлем жасап жатқанын айтып қуантқан. Ол үшін көпбалалы ана «әлеуметтік төлемнің 10% мөлшерінде айыппұл берешегін төлеуі қажет» болған.

Алданған аналар орта жолда айнып кетпес үшін күдіктілер айыппұлд төлеу үшін жеке сот орындаушылары палатасының қызметкеріне хабарласу керектігін айтып, жалған нөмірлер ұсынған. Ақша аударылатын шот сол нөмір арқылы берілген. Опық жеген аналар ақша аударғаннан кейін күдіктілер нөмірлерін ауыстырып отырған.

«Алаяқтардың схемасына елордалық көпбалалы екі ана ұрынып, жалған шоттарға 40 мың теңгеден ақша аударған. Қазір күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша тергеу басталды. Айып дәлелденсе, олар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деп жазылған департаменттің дерегінде.

Полиция қазір қомақты әлеуметтік көмек түскені туралы алдамшы ақпараттар көбейгенін, соның дені алаяқтық схемалар жасау үшін таратылатынын ескертеді.

«Әдетте өзін халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері ретінде таныстыратын қаскүнемдердің алдауына түсетіндер көп.

Мұндай алаяқтықтың кейбір белгілері:

- қалыпты абоненттік нөмірден қоңырау шалу;

- төлқұжат деректерін сұрау;

- түсініксіз айыппұлдар бойынша берешек бар екенін айтып бопсалау;

- бөгде нөмірден SMS кодын жіберу, (1414 емес);

- ақша аудару қажет шоттарды ұсыну», - делінген полиция мәліметінде.

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті осындай әрекеттердің құрбаны болмау үшін мынадай қарапайым сақтық шараларын ұстануды ұсынады:

- ХҚКО қызметкерінің аты-жөнін, филиалдың мекенжайын біліп, ХҚКО-ның ресми нөмірінен қоңырау шалуды сұраңыз;

- егер бейтаныс адам сіздің жеке куәлігіңіздің суретін жіберіп, түпнұсқаны көрсетуді сұраса, сенуге асықпаңыз. ХҚКО қызметкерлері клиенттерге ешқашан қоңырау шалмайды, барынша жақын орналасқан ХҚКО бөліміне жүгінуді сұрайды;

- жеке сот орындаушысының аты-жөнін біліп, оны ресми сайттан табуға болатын тізімнен тексеріңіз.


Соңғы жаңалықтар