Сіздер - менің отбасым: Димаш Құдайбергеннің Прагадағы концерті дүркіреп өтті

Фото: None
ПРАГА. ҚазАқпарат - Кеше Чехия астанасы Прага Димаш Құдайбергеннің «ARNAU» эстафетасын қабылдады. DimashNews редакциясына берген сұхбатында әнші көптен күткен жеке концерті жайлы айтып берді.

Чехияның жүрегіндегі шоуды жарқын әрі әсерлі аяқтаған Димаш пандемиядан кейін жеке концертпен оралу - ештеңемен салыстыруға келмейтін керемет сезім тудырғанын айтты.

«Иә, пандемияның 2 жылында әртүрлі марапаттар мен фестивальдерде өнер көрсеттім, бірақ жеке концертпен оралу – мүлдем басқа эмоция. Атмосфера таныс, ерекше. Сондықтан, әрине, барлық Dears-қа маған көрсеткен сүйіспеншілігі мен қолдауы үшін алғыс айтқым келеді», - дейді ол.

- Осы уақыт ішінде жанкүйерлермен байланыс үзілді ме?

- Бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Тіпті бөлек болсам да, мен, әрине, Dears-тың сүйіспеншілігі мен қолдауын сезіндім, бірақ соған қарамастан аздаған қобалжу болды. Алайда, сахнаға шыққан бойда барлық уайымым әп-сәтте сейілді. Біздің өткен концерттеріміз пандемияға байланысты 2 жыл жоғалтқанымызға қарамастан, Dears-пен байланысымыз әлі де күшті екенін көрсетті.

DimashAli шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев 2 жылдан кейін концерттік атмосфераға оралу және концерттерге дайындық қалай өткенін әңгімеледі.

«Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы басталған коронавирус инфекциясының пандемиясына байланысты біз турды тоқтата тұруға мәжбүр болдық. Әрине, біз үшін оны қайта жалғастыру - үлкен бақыт. Димаштың көрермендерімен, шығармашылығының жанкүйерлерімен, сондай-ақ әртүрлі елдердегі әріптестерімізбен кездескенімізге қуаныштымыз. Біз бір ұжымбыз және әрқайсымыз үшін ерекше бағдарламамен үлкен қуанышпен жұмыс жасаймыз. Эмоция өте көп және оның бәрі өте жағымды, өйткені концерттер – әрқашан жақсылық пен бірлікке шақыратын құрал» дейді ол.

Сондай-ақ, Қанат Айтбаев локдаунға қарамастан, Димаштың командасы бір-бірімен байланысын үзбей, ұйымшыл бола отырып, жұмысын жалғастырғанын айтты.

«Пандемия басталған сәттен бастап біз техникалық жағынан да, шығармашылық жағынан да бір секундқа байланысты жоғалтпадық. Балалар бір-бірімен үнемі онлайн тілдесіп, бейнебайланыс арқылы көп жаттықты. Дубайдағы концерттен екі апта бұрын біздің шығармашылық команда Нұр-Сұлтанға ұшып, алдағы шоуға дайындықты бастады. Ұзақ және өте мұқият дайындалдық, бұл бұрынғы арнаға тез енуге көмектесті» деп атап өтті продюсер.

TipSport Arena-дағы концерт Intro-ның алғашқы аккордтарынан эмоциялар жарылысымен басталды және көрерменді финалға дейін жібермеді.

«Ең есте қаларлық нәрсе, әрине, сахнаға шығу! Dears-пен кездесудің алғашқы сәттерінде олардың жарқын күлкісін көріп, даусын естимін. Сондай-ақ, концерттің соңғы минуттарында үш сағаттық концерттен кейін де залдың мені қолдаудан жалықпайтынын көрдім. Бұл үшін өте ризамын. Өзіңіз білесіз, үш сағат қатарынан музыка тыңдау оңай емес. Сондықтан концерттің соңында залдағы энергетиканың басындағыдай күшті және қуатты екенін көру - мен үшін әрқашан бақыт», – деді Димаш.

- Қандай композиция кезінде Dears-пен жақын байланысты сезіндіңіз?

- Менің ойымша, S.O.S кезінде. I am Singer кезінде осы әнді орындағаннан кейін мені бүкіл әлем таныды, осындай керемет фандом таптым. Сосын, әрине, «Дайдидау». Мен бұл композицияны әлемнің әр түрлі елдерінен келген адамдар қалай орындайтынын әрдайым армандайтынмын және Dears концерттерде менімен бірге ән салғанын естігенде арамыздағы ерекше байланысты сезінемін.

Концерт бір үлкен отбасының кездесуі сияқты өтті. Димаш өз энергиясымен көрермендерімен жомарттықпен бөлісті, көп импровизация жасады, әзілдеді, жанкүйерлерді әндерді бірлесіп орындауға тартты.

«Happy Birthday to you» капелласын орындап, сахнаға шыққан Dear-ды туған күнімен құттықтады.

Алғаш рет дирижер Димаш көрермендерді қазақ тілінде үш дауыста шырқап, Dears мыңдаған хоры әртіс пен музыканттардың өзін таң қалдырды.

«Сіздер - менің отбасым», – деді Димаш шоудың финалында.

«Қазір шығармашылық жоспарлар өте көп. Димаш жаңа әндермен белсенді жұмыс істеп жатыр. Өз шығармаларын сүйікті тыңдаушыларына тезірек ұсынуға үміттеніп, музыка жазып жатыр. Бұл әр түрлі тілдердегі әндер, кейбіреулері шетелдік композиторлармен бірлесіп жазылады. Сондай-ақ, жоспарда бірнеше жаңа концерт бар. Бізге қазір қарастырып жатқан түрлі елдерден түрлі ұсыныстар келіп жатыр. Бәрі белгілі болған кезде бұл туралы Dears тыңдаушыларымызды бірден хабардар етеміз», – дейді Қанат Айтбаев.



Соңғы жаңалықтар