Сіз жүру, есту, көру және сөйлеу қиындықтарын сезінесіз бе – Cанақта қандай сұрақтар қамтылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов Халық санағында тұрғындардың алдынан шығатын тұрмыс-тіршіліктің шектеулері жайлы сауалдардың не үшін екерілгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Онлайн санақ кезінде тұрмыс-тіршіліктің шектеулері деген тармақтағы сауалдар қызу талқыланды. Неліктен көру, есту, жүру және есте сақтау көрсеткіштері енгізілді? Айта кетейік, бұл сұрақ алдыңғы санақта да қойылған. Бірақ басқа формада берілді. 2009 жылғы халық санағының «Сіз жүру, есту, көру және сөйлеу қиындықтарын сезінесіз бе?» деген жалпылама сұрағы қиындық түрлері бойынша қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік бермеді», - деп түсіндірді Айдапкелов.

Оның сөзінше, 2021 жылғы санақ парағына енгізілген тұрмыс-тіршіліктің шектеулері сұрақтарын мүгедектік статистика жөніндегі Вашингтон тобы ұсынған көрінеді.

«Бұл бөлімде 5 сұрақ бар, мұнда тұрғындарға денсаулығына байланысты белгілі бір әрекеттерді орындау кезінде күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарды бағалау ұсынылады. Халық санағының қорытындысы бойынша мүгедектер мен өмір сүруінде үлкен қиындықтар мен шектеулері бар, бірақ медициналық мекемелерге жүгінбеген, сондықтан ағымдағы статистикада көрсетілмеген адамдардың саны туралы деректер алынады. Сонымен қатар, нәтижелер Ұлттық бағдарламалар мен мүгедектердің құқықтары жөніндегі конвенция шеңберінде одан әрі зерттеулер жүргізу үшін іріктеулер қалыптастыруға мүмкіндік береді»,- деді Нұрболат Айдапкелов.


Соңғы жаңалықтар